Чемпионға қандай сыйлық жасасаң да, жарасады – Елдос Сметовтің жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев
Чемпионға қандай сыйлықты қашан, қай күні, қай жерде сыйласаң да, жарасып тұрады. Себебі ол сол құрметке өмір бойы лайықты деп ойлаймын. Бұл туралы Астанада өткен «Үздік-2024» премиясының марапат кешінде Елдос Сметовтің жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиев айтты.
– Шәкіртіміз Елдос Сметов екеміз үшін өте бір қуанышты күн болып жатыр. Осы жылдың үздігі атану біз үшін маңызды сәттердің бірі болып есімізде қалғалы тұр. 2024 жыл біз үшін аса табысты, аса қуанышты, ең биік Олимп шыңын бағындырған, бар арманымыз орындалған, еңбегіміздің, маңдай теріміздің өтелген жылы болды. Сол үшін 2024 жыл біз үшін ең маңызды, ең құтты жыл болды деп санаймыз. Қазақ баласы дзюдо деген асау спорт түрінен тұңғыш рет Олимпиаданы бағындырды. Бұл ең үлкен тарихи оқиға деп сеніммен айта аламын, – деді Ғалымжан Жылгелдиев.
Сонымен қатар Елдос Сметов көрсетіліп жатқан барлық сый-құрметке лайықты екенін баса айтып өтті.
- Чемпионға қандай сыйлықты қашан, қай күні, қай жерде сыйласаң да, жарасып тұрады. Елдос Парижде Олимпиада чемпионы атанып, бүкіл елімізді қалай қуантты? Енді, бүкіл ел болып Елдос Сметовті қуантып жатыр. Мемлекет тарапынан берілген сыйақылар өз алдына, ел болып құрметтеп, әркім өз сыйлығын ұсынды. Үй берді, көлік берді, ат мінгізді, қаржылай сыйақылар мен естелік бұйымдар сыйланды. Міне, бұның барлығын Елдос ешкімнен сұрап алған жоқ. Барлығы елдің Елдосқа деген ықыласы. Мейлі, қандай сыйлық болса да, чемпионға сыйлаған барлық сыйлық өз орнымен жарасып тұрады екен, - деді Елдос Сметовтің жеке бапкері.