Елдос Сметов: Мемлекеттік қызметке бармаймын, тағы бір Олимпиадаға қатысамын

Елдос Сметов: Мемлекеттік қызметке бармаймын, тағы бір Олимпиадаға қатысамын


Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов 2028 жылы АҚШ-та өтетін Олимпиада ойындарына қатысуға ниетті. Бұл туралы спортшы Астанада «Үздік-2024» премиясының марапат кешінде айтты.

Е. Сметов «Жылдың үздік спортшысы» атағын 2-3 рет алғанын айтты. 

– Әр адамның өзінің сүйікті ісі болады. Мысалы мен 5 жасымнан бері осы спортпен айналысып келемін, одан бір нәтиже шығарғым келеді, ең биік шыңына шыққым келеді. Шыққан адамдарға қараймын, олардай болу үшін не істеу керек деп көп зерттеулер жасадым. Бұл шыңға да шықтық, бірақ адами қасиетті жоғалтып алмау керек. Баяғы Елдос – сол Елдос, тек Олимпиада чемпионы деген атты иелендік. Өмірдегі басты мақсат – дүние мен атақ жинау емес, адам болып қалу, - деді спортшы тілшілерге берген сұхбатында.

Сонымен бірге, «Елдос Сметовты мемлекеттік лауазымда көруіміз мүмкін бе?» деген сұрақ қойылды. 

– Қазіргі уақытта ондай мақсатым жоқ, өзімді ол жақта көріп тұрған жоқпын. Өйткені мен әлі спортшымын, спортшы ретінде алға қойған мақсатым бар. Сол мақсатпен мүмкіндігім бар кезде айналысуым керек. Қазір 32 жастамын, Олимпиада уақытында 35-36 жаста боламын. Бұл жаста «жүлде алу мүмкін емес» деп үміт үзуге болмайды, оған дәлел болған – Демеу Жадыраев, ол 35 жасында Олимпиада финалына дейін жетті. Бір қазақ шыққан биікке екінші қазақ та шыға алады. Мұндағы мақсат – жас дегеннің ауысып жатқан цифрлар ғана екенін дәлелдеу, жастарға мүмкін емес нәрсенің жоқ екенін дәлелдеу. Әсіресе үшінші Олимпиадам – біраз жасқа үлкен мотивация берді, күресті қойып кеткендер кілемге оралды, дюздо залынан бапкерлер хабарласып, кішкентай балалар сыймай жатқанын айтуда. Бұрын «Қазаққа дзюдодан Олимпиада чемпионы болу бұйырмаған, мүмкін емес деп ойлайтын едім. Бірақ бұл мүмкін екен, - деп жауап берді Елдос Сметов. 

Сонымен бірге, спортшы ағылшын тілін үйренуге Англияға баратынын, 2027 жылы Қазақстанда өтетін әлем біріншілігіне, 2028 жылы Лос-Анджелес қаласында өтетін Олимпиадаға қатысатынын айтты.

– Бағыма бұйырып жатса, барамын, бұйырмай жатса, бауырларымды қолдауға барамын. Маман болсам да спорттан алыстап кетпеймін. Өйткені кішкентайымнан спортпен айналыстым, осы саладағы кемшіліктердің орнын толтырып, тәжірибемді жастармен бөліскім келеді, - дейді Е. Сметов. 


https://kaz.inform.kz/news/eldos-smetov-memlekettk-kizmetke-barmaymin-tagi-br-olimpiadaga-katisamin-708b01/

Дереккөз: inform.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или