Хабиб пен оның командасы әлемдегі жетекші лигалардың жеңіл салмақ дивизионын өз бақылауына алды
Аралас жекпе-жек әлемінде танымал мысырлық менеджер, Хабиб Нурмагомедовтың карьерасын басқаруымен танылған Али Абдельазиз қызық бір жайтқа назар аударды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Өзінің Instagram-парақшасындағы стористе ол үш файтердің суреттерінен тұратын коллаж жариялап, «Енді Хабибтің командасы әлемнің үздік промоушендарында чемпиондық белбеулерге ие. Ислам Махачев – UFC чемпионы. Усман Нурмагомедов – Bellator чемпионы. Гаджи Рабаданов – PFL чемпионы», – деп жазды.
Айта кету керек, бұл файтерлердің бәрі жеңіл салмақ дивизионында өнер көрсетеді. Бір кездері осы салмақта UFC чемпионы Хабиб болған.
31 жастағы Рабаданов (24-4-2), бұрынғы Eagle FC чемпионы және Bellator-дың экс-файтері, PFL Гран-приінің финалында Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында 30 қарашаға қараған түні Bellator-дың бұрынғы чемпионы, 39 жастағы америкалық Брент Примусты (15-4) үшінші раундта нокаутқа түсіріп, басты жүлде – бір миллион долларды жеңіп алған еді.
Айта кетейік, 2016 жылы Fight Nights Global турнирінде қазақстандық Қуат Хамитов Гаджиді мерзімінен бұрын жеңген болатын.
Фото: Fight Nights Global