Дзюдодан үш спортшымыз гран-при турнирінің жартылай финалына шықты
Дзюдодан Хорватияның Загреб қаласында өтіп жатқан гран-при турнирінде үш қазақстандық спортшы жартылай финалға шықты, деп хабарлайды Prosports.kz
Атап айтсақ, ерлер арасында 60 келі салмақта сынға түсіп жатқан Шерзод Давлатов жартылай финалға өтті. Ол турнир барысында Израиль, Венгрия және Украина спортшыларынан басым түсті. Енді Давлатовтың жартылай финалдағы қарсыласы — франциялық Энцо Джин болмақ.
Ерлер арасында 66 келі салмақта белдесетін Жанарыс Рахметқали да жартылай финалда сынға түседі. Ол алғашқы белдесулерінде Хорватия мен Сальвадор балуандарын жеңді. Оның ендігі қарсыласы — грузиялық Тенго Зиракашвили.
Сонымен қатар әйелдер арасында 48 келіде ел намысын қорғап жатқан Ғалия Тынбаева да жартылай финалға өтті. Қазақстандық спортшы жартылай финалда венгриялық Рита-Ребекка Кощегимен белдеседі.