Тәшкенбай, Молдашев: қазақстандық 12 боксшы халықаралық жарыста бақ сынайды
Қазақстандық боксшылар бүгін, 13 наурызда Сербия астанасы Белградта басталатын Бранко Пешич мемориалына қатысады, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі Nur.kz сайтына сілтеме жасап.
17 наурызға дейін жалғасатын турнирде әлемнің 16 елінен 106 боксшы бақ сынайды. Ал Қазақстаннан 12 былғары қолғап шебері сынға түседі.
Олар: 48 келі: Ернұр Қайрат; 51 келі: Санжар Тәшкенбай; 54 келі: Дәулет Молдашев; 57 келі: Оразбек Асылкулов; 60 келі: Бейбарыс Жексен; 63,5 келі: Ерасыл Таңқай; 71 келі: Сабыржан Аққалықов; 75 келі: Диас Молжігітов; 80 келі: Ерасыл Жакпеков; 86 келі: Темірлан Мұқатаев; 92 келі: Данияр Рахымбердинов; +91 келі: Олжас Боқаев.
Ал бүгін шаршы алаңға үш қазақстандық боксшы шығады: Ерасыл Таңқай – Нарек Хоранисян (Армения); Сабыржан Аққалықов – Антонио Биссет (Сербия); Темірлан Мұқатаев – Шарабутдин Атаев (Ресей).
Айта кетейік, бокстан Қазақстан құрамасы жақында Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен әлемдік лицензиялық турнирде Олимпиаданың 5 жолдамасын жеңіп алған еді. Атап айтқанда Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі) және Айбек Оралбай (92 келі) Парижде өтетін әлемдік додаға қатысуға мүмкіндік алды.