Қазақстандық атлет фристайл-могулдан әлем кубогында күміс жүлде алды
Фристайл-могулдан Қазақстан командасының үздігі Павел Колмаков Алматыда өтіп жатқан әлем кубогында күміс медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Отандасымыз жартылай финалда Колмаков финляндиялық Сивери Виерелладан басым түсті. Ал ақтық сында танымал спортшы, канадалық Микаэль Кингсберимен кездескен болатын.
Үлкен финалда Колмаков Кингсбериге есе жіберіп, өз жерімізде өткен әлемдік доданың күміс жүлдесіне иелік етті.
1/8 финалда Павел Колмаков швециялық Расмус Стегфелден басым түсті.
Ал, әйелдер арасындағы 1/8 финалда Анастасия Городко америкалық Джейлин Кауфқа есе жіберді. Юлия Галышева жарыс жолына шыққан жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, кеше жарыстың бірінші күні әйелдер арасында қазақстандық Юлия Галышева 68.58 ұпаймен бесінші орын алса, ерлер арасында жерлесіміз Павел Колмаков 72.53 ұпаймен алтыншы орынға табан тіреген болатын.
Аталған бәсекеде фристайл-могулдан Қазақстан намысын әйелдер арасында Юлия Галышева, Аяулым Әмренова, Анастасия Городко, Юлия Феклистова, Виктория Кузнецова, Анастасия Ларионова қорғаса, ерлер арасында Павел Колмаков, Антон Бондарев, Федор Бугаков, Максим Емельянов, Денис Раструба, Семен Русаков, Ильнар Ибрагимов сынға түсіп жатыр.