Алматыдағы Әлем Кубогына қатысатын спортшылар анықталды
8-10 наурыз аралығында Алматы қаласындағы «Шымбұлақ» курортында фристайл-могул мен фристайл акробатикадан Әлем Кубогының кезеңі өтеді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Жарыс қарсаңында назарыңызға Ұлттық құрама тізімі мен бас бапкерлердің пікірін ұсынамыз. Осы кезеңге қатысатын фристайл-могулдан Ұлттық құрама:
- Юлия Галышева, Аяулым Әмренова, Анастасия Городко, Юлия Феклистова, Виктория Кузнецова, Анастасия Ларионова;
- Павел Колмаков, Антон Бондарев, Федор Бугаков, Максим Емельянов, Денис Раструба, Семен Русаков, Ильнар Ибрагимов;
«Алматыдағы кезеңге 28 ақпанға дейін «Шымбұлақта» дайындалдық. Жаттығу жұмыстары өте жоғары деңгейде өтті. FIS-тің Әлем Кубогы кезеңдерінің ережесі бойынша жарыс жолы бәсекеге бір апта қалғанда қайта дайындалады. Бұл барлық спортшыға бірдей жағдай жасау үшін керек. Күн райы қолайлы болса біздің құрама жақсы өнер көрсетуге дайын»,-деді фристайл-могулдан Ұлттық құраманың бас бапкері Елена Круглыхина.
Сондай-ақ бас бапкер жарақатынан айығып, қатарға қайта қосылған көшбасшымыздың бірі Юлия Галышеваның дайындығына тоқталды.
«Юлия былтыр тізесіне ота жасатқанын білесіздер. Қазір жарыс сайын ақырындап қарқынына-қарқын қосып келе жатыр. Алдағы жарысқа сақадай сай. Өз жанкүйерлеріміздің көз алдында өнер көрсетпегенімізге біраз уақыт өтіпті»,-деді.
Алдағы күндері фристайл-акробатикадан да Ұлттық құраманың тәжірибелі спортшылары жүлде үшін таласқа түспек. Олар:
- Жібек Арапбаева, Ардана Маханова, Аделина Умурзакова;
- Ақжол Заманбеков, Шерзод Хаширбаев, Роман Иванов, Дінмұхамед Райымқұлов, Илья Голендов, Ұланбәкір Асылхан Өмірзақов.
Айта кетейік, «Шымбұлақ» курорты 5 жыл бойы Әлем Кубогының кезеңін қабылдап келеді. Биыл да үздіктер могул, дуал могул және шаңғы акробатикасы бойынша сынға түседі. Ресми жаттығулар бүгін басталып кетті.