«Әлем мықтылары келе жатыр»: Алматыда шаңғы акробатикасынан әлем кубогы кезеңі өтеді

«Әлем мықтылары келе жатыр»: Алматыда шаңғы акробатикасынан әлем кубогы кезеңі өтеді

8-10 наурыз аралығында Алматыда фристайл-могул мен шаңғы акробатикасынан әлем кубогы кезеңі өтеді. Аталған сынға әлемнің үздік спортшылары жиналады, деп хабарлайды Prosports.kz.

Olympic.kz шаңғы акробатикасынан Қазақстан құрамасының бас бапкері, бұрынғы спортшы Бағлан Іңкәрбекпен тілдесіп, әлемдік жарыс алдындағы команданың жай-күйімен танысты. 

Бас бапкердің айтуынша, Алматыдағы әлем кубогі кезеңінде құрамадағы жас спортшыларға мүмкіндік беріледі. 

«Өз жерімізде әлем кубогы кезеңінің өткізілуі – біз үшін үлкен мәртебе. Себебі, әлемдік спорт қауымдастығында біздің командамен барлығы да санасады. Халықаралық турнирлерде жүлдеге таласатын жағдайдамыз. Ерлер арасындағы екі спортшымыз А финалында сынға түсіп жүр. Ал Жанбота сынды үздік спортшымыз талай мәрте әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында ел намысын қорғады. Енді шаңғы акробатикасынан жас спортшыларды жарысқа қоспақпыз. Олар да үлкен жарыстың атмосферасын сезініп, тәжірибелерін арттырып, әлем мықтыларынан қорықпайтындай күйге жетуі керек. Өздеріңіз білесіздер, спортшыны осындай ірі турнирлер шыңдай түседі. Сондықтан, жастарымыз жарысқа шығатын күн келді», - дейді бас жаттықтырушы. 

Өкінішке қарай, Алматыдағы әлем кубогы кезеңіне құрама үздігі Жанбота Алдабергенова қатыса алмайды. Бұған Жанботаның жарақат алуы себеп болған. 

«Жанбота еліміздегі шаңғы акробатикасын өрге сүйреп, тіпті, осы спорт түрін халыққа танытып жүрген спортшы. Әлем кубогынде талай рет жүлдеге ілігіп, Олимпиада ойындарында жақсы нәтиже көрсетті. Ол әлі де командаға көмектеседі, тек, осы жолғы жарыстан шет қалып тұр. Қытайдағы жаттығу жиынында жарақат алып қалды. Одан әрі асқындырып алмау үшін Алматыдағы турнирге қатыстырмауды жөн көрдік. Жарақатынан құлан-таза айыққан соң, қатарға қосылады. Биылғы маусымда ол Еуропа кубогында екі рет, әлем кубогынде бір рет жүлдегер атанды», - дейді Іңкәрбек. 

Алматыдағы әлем кубогына осы спорт түрінен Олимпиада және әлем чемпиондары келе жатыр. 

«Шаңғы-акробатикасынан он шақты елдің өкілі бақ сынайды. Олардың қатарында АҚШ, Украина, Қытай, Швейцария сынды мемлекеттер бар. Қазіргі әлем чемпионы, швейцариялық Ное Рот, Бейжің Олимпиадасының чемпионы, қытайлық Хуанпу Ку сынды мықтылар түгел келеді. Әрине, біздің жас спортшыларымызға олармен жарысу оңай болмас. Бірақ бізге керегі – тәжірибе. Алдағы әлемдік жарыстарда алға озу үшін жастарымыз қазірден шыңдалуы керек», - дейді бас бапкер. 

Сондай-ақ, Бағлан Іңкәрбек қазақстандық шаңғы акробаттарының болашағына үлкен үмітпен қарайтынын жасырмады.

«Мен өз спортшыларымның қалай еңбектенетінін көріп жүрмін. Олар сияқты тер төгетін атлеттерді де өз басым кездестірмегем. Әлемдік жұлдыздар жасайтын элементтерді біздің қыз-жігіттер де орындай алады. Мәселен, қытайлық Олимпиада чемпионын әлем кубогының іріктеуінде біздің Иван Романов жеңіп кеткен еді. Қазір менің командам өзінің жұлдызды шағын, оңтайлы сәтін күтіп жүр. Әрбір сәтсіздік бізді тек шыңдай түседі. Оның үстіне, шаңғы акробатикасының еліміздегі танымалдығы да аса жоғары емес. Көпшілік бокс, күрес сынды спорт түрлерін ерекше бақылайды. Осы орайда, шаңғы акробатикасынан да болашағымыз бар екенін, осы спорт түрін де ұмытпау керектігін айтқым келеді», - дейді команданың бас жаттықтырушысы. 

Шаңғы акробатикасынан Алматыдағы әлем кубогы кезеңіне қатысатын Қазақстан құрамасы: 

Ерлер: 

Шерзод Хаширбаев

Иван Романов

Ұланбәкір Өмірзақов

Дінмұхаммед Райымқұлов

Әйелдер: 

Ардана Маханова

Аделина Өмірзақова

Фото: Тұрар Қазанғапов

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или