«Сырт келбет алдамшы, октагонда бәрі басқаша болады». Титулға үміткер файтер – Алматыдағы жекпе-жегі және модельдік мансабы туралы
Алматыдағы OCTAGON 51 турнирінде әйелдер арасында тартысты жекпе-жек өтеді.
Ең жеңіл салмақтағы Еуразиялық жекпе-жек лигасының қазіргі чемпионы қазақстандық Анастасия Дюжикова (7-2) 21 қазанда ресейлік Александра Савичевамен (4-1) кездеседі.
Prosports.kz журналисі үміткерден титул иегері, мансабындағы алғашқы бес раундтық жекпе-жек, сондай-ақ модельдік агенттіктердің ұсынысы туралы пікірін сұрады.
– Александра, кәсіпқой мансабыңыздағы бірінші титулды жекпе-жегіңізге дайынсыз ба?
– Қазір бабымдамын. 24 шілдеде жекпе-жек өткізген соң бір-екі күн демалып, сосын бірден жаттығуға кірістім. Жазда күш-қуат пен күрес шеберлігін шыңдадық, сондықтан ұсыныс түсе салысымен қарсыласыма дайындала бастадым. Менде керемет жаттығу лагерь болды, сондықтан бұл жекпе-жекке дайынмын.
– Жалпы титулды жекпе-жекке қатысу ұсынысын қалай қабылдадыңыз және алдағы жекпе-жектің сізге қандай маңызы бар?
– OCTAGON-дағы алғашқы жеңісімнен кейін мен белбеу үшін жекпе-жек өткізгім келетінін бірден айттым, бірақ бірінші жекпе-жектен кейін бұл мүмкін емес екенін түсінемін. Өзімді лигадағы ең тәжірибелі қыздардың бірі деп санаймын, кәсіпқой жекпе-жегім көп болмаса да, әуесқой спортта тәжірибем мол әрі One FC сияқты жаһандық ұйымда бірнеше жекпе-жек өткіздім. Ұсыныс келе салысымен ойланбастан келістік. Лиганың маған осындай мүмкіндік бергеніне өте қуаныштымын.
– Қарсыласыңыз қазақстандық Анастасия Дюжикова болады. Чемпионмен кездесудегі мүмкіндігіңізді қалай бағалайсыз?
– Әрқашан әр қарсыласқа үлкен құрметпен қараймын, бірақ менің деңгейім қарсыластан жоғары екенін анық білемін. Бірақ бұл қарсыласым әлсіз дегенді немесе мен оңай жеңіске жетем дегенді білдірмейді. Кез келген жекпе-жек сияқты шындап дайындаламын, бірақ өз деңгейімнің жоғары екенін білемін, сондықтан осы жекпе-жекте өз мүмкіндігім жоғары деп санаймын. Соққы техникасы мен күресте қарсыласымнан басыммын деп ойлаймын.

– Сіздің ойыңызша, қазақстандық спортшының мықты жақтары қандай?
– Әрине, оның кәсіпқой спорттағы тәжірибесі мол. Тоғыз жекпе-жек – жақсы көрсеткіш, оның да өзіндік артықшылығы бар, өйткені қарсылас октагонға сан мәрте шығып, онда не болуы мүмкін екенін жақсы түсініп алған. Дюжикованың тағы бір ерекшелігі - оның мінезі. Бұл қыздың күшті әрі табанды екені көрініп тұр, бұл қаисетін жоғары бағалаймын әрі оның күшті жақтарының бірі деп санаймын.

– Жекпе-жек бес раундтан тұрады, бұған дейін мұндай кездесу өткізген жоқсыз. Бұл сізге қиындық туғызбай ма?
– Бұл өте керемет тәжірибе, мұндай кездесуді асыға күтемін. Бұл маған проблема емес, өйткені біз әр жекпе-жекке әрқашан өте жақсы дайындаламыз. Кейде үш раундтық жекпе-жек бес раундқа қарағанда жылдамырақ өтеді. Анастасия чемпион болса да, оның толық бес раунд тәжірибесі болмаған, қателеспесем, ол тіпті толық үш раунд өнер көрсетіп көрген жоқ. Барлық раундтарда өзімді жайлы сезінемін, сондықтан кездесудің ұзақтығы мен үшін ешқандай қиындық туғызбайды, керісінше, осы 25 минутты асыға күтемін, оның барысында бар өнерімді көрсетемін.

– Ресейлік боксшылар ОКТАГОН лигасында әлі чемпион болған жоқ. Ұйым тарихындағы Ресейден шыққан бірінші чемпион атанғыңыз келе ме?
– Шынымды айтсам, бұл туралы білген жоқпын, тіпті қазір де бұл маған ешқандай әсер еткен жоқ. Қалай болғанда да, мен өз елімді, командамды және артымда тұрған барлық адам үшін өнер көрсетемін.
– Керемет келбетіңізге қарап сізді файтер деп айту қиын. Сізге модельдік агенттіктерден ұсыныс түсе ме? Мансап жолыңызды өзгерту туралы ойладыңыз ба?
– Шынымды айтсам, сырт келбеттің алдамшы екеніне үйреніп қалдым, көбі мені файтер ретінде бағаламауы мүмкін. Бірақ октагондағы өнерім бәріне жауап береді деп ойлаймын. Сырт көзге осылай көрінгенмен, торға шыққанда басқа өнер көрсетемін. Агенттіктерден маған ұсыныс болды деп айта алмаймын. Мұны іздемеймін де, күтпеймін. Менің ойым толығымен спортта, алға қойған мақсатым бар, сондықтан кейбір ұсынысты байқамай қалуым мүмкін. Бірақ қызықты жобаларға қатысуға әрқашан дайынмын, өйткені спортшының медиа-жолын дамыту керек. Бірақ бұл жаттығуларым мен дайындығыма әсер етпеуі керек. Жекпе-жектен кейін менде кейбір жобаларға қатысуға уақыт бар, бірақ ол көп емес, өйткені мен үшін ең маңыздысы жаттығу.
– Мақсатыңыз UFC-ге бар екенін айттыңыз. Бұл мақсатқа қанша уақытта жетесіз?
– Спортшының әлемнің ең үздік лигаға баруды армандауы қалыпты жағдай. Уақытты болжау қиын, өйткені бәрі қалай болатынын ешкім білмейді. Бірақ маған көп уақыт қажет болмайды деп ойлаймын. Белбеуге таласқалы отырмын, сосын титулды қорғау қажет болады, сосын көреміз. Мен асықпаймын, бірақ ғажайыпты жылдар бойы күтіп отырмаймын. Алдыма мақсат қойып, шеберлігімді шыңдай түсуді жоспарлап отырмын. UFC-ге үздік әрі жетілген файтер ретінде барғым келеді. Ол үшін көп жекпе-жек пен тәжірибе қажет.
Фото: www.instagram.com/savicheva.aleksa/, OCTAGON