Аманжолов: Усикпен дос болып кеттік, ақыл-кеңесін аямайды, әзілдесіп те тұрамыз
Қазақстандық боксшы Нұрсұлтан Аманжолов (5-0, 4КО) Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында кореялық Сук Хи Анге қарсы жекпе-жегі және Александр Усикпен бірге өткізген жаттығуы туралы айтып берді.
– Нұрсұлтан, Оңтүстік Кореядағы жеңісіңіз құтты болсын! Жекпе-жек көңілізден шықты ма? Бәрі ойдағыдай өтті ме?
– Қарсылас ыңғайсыз, қолайға келмейтін қисық боксшы екен. Шабуылды бірте-бірте күшейтуді жоспарлаған едік. Үшінші раундта бауырына тиген соққыдан кейін кездесуді жалғастыра алмады.
- Бұл кездесуге сіз Александр Усикпен бірге бір лагерьде дайындалдыңыз. Жалпы әлемдегі ең мықты боксшымен дайындық сізге қаншалықты әсер етуде?
- Әлемдегі ең үздік боксшылардың бірімен жаттығу өткізу үлкен тәжірибе берді. Өзіңе деген сенімің артады және көптеген жаңа нәрселерді үйрендім. Онымен дос болып кеттік деп айтасам да болады. Ол құнды кеңестер береді, әзілдесіп те тұрамыз.
- Оңтүстік Кореядағы бокс кешінде сонымен қатар Мейірім Нұрсұлтанов жеңіске жетті. Оның кездесуін тамашаладыңыз ба? Мейірім титулдық жекпе-жекке қаншалықты дайын деп ойлайсыз?
- Иә, Мейірім WBO International титулын сәтті қорғады. Ол чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізуге дайын деп ойлаймын. WBO тұжырымы бойынша Жәнібек Әлімханұлы чемпион. Демек екі қазақ бір-бірімен кездесе қоймайды. Егер Жәнібек салмақта ауыстырып, титулдан бас тартса, Нұрсұлтанов ол бебеуге таласуға дайын.
- Бұл сіздің кәсіпқой бокстағы бесінші жеңісіңіз. Ендігі жоспарыңыз қандай?
- Мен кәсіпқой боксқа ауысқанда пандемия басталып кетті. Осыған байланысты жылына бір рет қана бокстасып жүрдім. Қазір алға үлкен жоспар қойып отырмыз, өйткені әлемдегі ең мықты менеджерлердің бірі Эгис Климаспен жұмыс істеп жүрмін.
- Жақында Александр Усик Тайсон Фьюриге қарсы жекпе-жекке дайындығын тоқтатты деген ақпарат шыққан еді. Бұл қаншалықты рас? Және өз ойыңыз, бұл кездесу биыл өте ме?
- Иә. Жекпе-жек өтпей қалды. Менің түсінуімше, Тайсон Фьюри Усикпен кездескісі келмеді. Оның тарапынан көп әңгіме болды, бірақ келісімшартқа қол қойылған жоқ. Александр тіпті гонорарды Фьюридің пайдасына 70/30 етіп бөлуге де келісті. Солай бола тұра, олар келісімге келе алмады.