Зайнутдиновтың ЦСКА-сы Ресей кубогының ширек финалындағы екінші ойында жеңілді

Мәскеудің ЦСКА клубы Ресей кубогының РПЛ жолындағы ширек финалдың екінші ойынында «Краснодармен» сырт алаңда ойнады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Краснодар қаласындағы «Краснодар Арена» стадионында өткен кездесу 1:0 есебімен алаң иелерінің жеңісімен аяқталды.
50-минутта Краснодар сапында Эдуард Сперцян гол соқты. Қазақстандық ЦСКА жартылай қорғаушысы Бактиер Зайнутдинов матчқа қатысу өтініміне енбей қалды.
23 ақпанда өткен командалардың алғашқы ойынында «сарбаздар» 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, екі матчтық текетірестің қорытындысы бойынша ЦСКА РПЛ жолында Ресей кубогының жартылай финалына шықты.
Турнирдің бұл кезеңінің ойындары 15 наурыз мен 5 сәуірде өтеді.