Командалық

Су добынан Қазақстан құрамасы Азия чемпионатын жеңіспен бастады

Су добынан Қазақстан құрамасы Азия чемпионатын жеңіспен бастады

Бүгін Таиландтың Самутпракан қаласында су добынан сары құрлық бәсекесі басталды. Мұнда жүлдеге қол жеткізген құрамалар келесі жылы Жапонияның Фукуока қаласында өтетін су спорты түрлерінен ХХ Әлем чемпионатына жолдама алатынын айта кетейік.

А тобына түскен Қазақстан ерлер құрамасы алғашқы матчта жарыс қожайыны Таиландты сенімді жеңді. Есеп: 15-4. Бұл екі құрамадан бөлек, мұнда Үндістан, Иран мен Оңтүстік Корея бар. Ал В тобында Жапония, Қытай, Сингапур, Кувейт пен Гонконг ойнайды.

Енді Дамир Темірханов баптайтын су добы шеберлері 9 қарашада Үндістанмен, сосын Иран (10 қараша) және Оңтүстік Корея (11 қараша) құрамасымен шеберлік байқасады. Ширек финал матчтары 12 қарашаға жоспарланған.

Қазақстан құрамасының ойыншылары: Олжас Қаныш, Мұрат Шәкенов, Даниил Матолинец, Егор Белоусов, Сұлтан Шоңжігітов, Руслан Ахметов, Данил Артюх, Максим Ламаев, Егор Бербелюк, Эдуард Цой, Темірлан Балфанбаев, Анатолий Пустовалов, Алексей Шмидер; Бас бапкер – Дамир Темірханов.

Әйелдер бәсекесі

Пандемиядан кейінгі алғашқы құрлық додасына 6 ел өз мықтыларын аттандырыпты. Қазақстан құрамасы ертең алғашқы ойында Оңтүстік Кореямен кездеседі. Ары қарай Қытай (9 қараша), Сингапур (10 қараша), Жапония (11 қараша), Таиландпен (12 қараша) кім мықтыны анықтайды. Мұнда ширек финал 13 қарашада өтпек.

Ұлттық құрама ватерполшылары: Александра Жарқымбаева, Анна Турова, Анна Новикова, Валерия Колесниченко, Виктория Хританькова, Виктория Каплун, Дарья Починок, Валерия Аносова, Анастасия Цой, Дарья Муравьева, Дарья Рога, Анастасия Глухова, Елизавета Руднева; Бас бапкер – Андрей Сазыкин.

Биылғы чемпион мен жүлдегерлер 14 қарашада белгілі болады.

Түпнұсқасы: kazsports.kzОшибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0