Самат Отарбаев: Адиев барлық футболшының тілін таба білді

Самат Отарбаев: Адиев барлық футболшының тілін таба білді

Шымкент футболының түлегі, «Ақтөбе», «Ордабасы» сынды танымал клубтардың экс-қақпашысы Самат Отарбаев Ұлттық құраманың жетістігі, бас бапкер Магомед Адиев және команданың Еуропа чемпионатына жолдама алу мүмкіндігі жайлы Prosports.kz сайтының тілшісімен сұқбат барысында айтып берді. 

 - Самат, сұрақты алдымен өз мансабыңыздан бастасақ. Қазір қай клубта жүрсіз?

 - Өкінішке қарай, қазір ешбір клубтың қатарында емеспін. Футбол тілімен айтсақ, еркін агентпін. 

 - 2022 жылдың 22-ші қыркүйегі Қазақстан футболының 31 жылдық тарихындағы ең тамаша күн десек болар. Қазақстан құрамасының нәтижесінен алған әсер қандай? 

 - Өте керемет ойын болды. Ұлттық құрама үшін қуаныштымын. Еліміздің басты командасы осы күнге дейін жанкүйерлер тарапынан жиі сынға ұшырап келді. Көп сәтте орынды да шығар. Бірақ биылғы Ұлттар лигасындағы нәтижеден кейін сынның азаяры анық. Футболдан хабары аз болса да, орынсыз сынайтын адамдардың аузына құм құйылды деп ойлаймын. 

 - Бірінші таймда жігіттердің қобалжығаны байқалды. Матчтың екінші бөлігінде ғана команда өз ойынын тапқандай көрінді. Үзілісте Магомед Адиев не айтты деп ойлайсыз. Жалпы, осы маманға көзқарасыңыз қалай?

 - Бірінші таймды көре алмадым. Оған өкінетінімді де айта кетейін. Үзілісте бапкердің не айтқанын, жігіттерді қалай қайрағанын анық айта алмаспын, бірақ ол кісіні бір жобада жүргенде-ақ сырттай қандай екенін байқағанмын. Өте қарапайым адам. Батыл, амбициясы жоғары мықты маман. Тәжірбиелі бапкер екені Ұлттық құраманың матчтарынан-ақ көрінді. Әр ойыншымен бір тілде сөйлесіп, әрі бәрінің тілін таба алды деп ойлаймын. Сондықтан команда дәл осындай ғажайып нәтижені көрсетті. 

 - Чемпионат деңгейі соңғы жылдары түсіп кеткені байқалса да, құраманың көрсеткіші тамаша. Бұл құбылысты қалай түсіндіруге болады? 

 - Мен екеуін дәл осылай салыстыра алмас едім. Чемпионат басқа да, Ұлттық құрама деген бөлек әлем. Қазақстанның жейдесін кигенде ерекше сезімде болып, футболшылар намысқа тырысып ойнайтынына күмәнім жоқ. 

 - Ұлттар лигасының жаңалығы болған Қазақстан құрамасының үш футболшысын атай аласыз ба? 

 - Біріншіден, сөзсіз қақпашы Игорь Шацкий. Бұл футболшының қақпадағы өнеріне мен ғана емес, бәрі тәнті. Қақпашы ретінде Игорьға ең жоғары бағаны берер едім. Сосын бұл тізімге қайсар мінезді Исламбек Қуатты және жас талант Абылайхан Жұмабекті қосып қоюға болады. 

 - Қазақстан B лигасына көтерілді, әрі Еуропа чемпионатының жолдамасына таласады. Біздің футболшылар Германиядағы құрлық додасына қатысуға қауқарлы ма? 

 - Осы ойыннан жаңылмаса, деңгейді түсірмесе Еуроға барамыз деп үміттенемін. Алда қиын қарсыластар күтетіні түсінікті. Үлкен дүбірлі додаға бәрі барғысы келеді. Әйтсе де, Ұлттар лигасындағы жетістігімен жігіттер мақтана алады. Дәл осы құрам, дәл осы бапкер мен футболшылар қазақ футболының тарихында өз есімдерін алтын әріппен жазды деп нық сеніммен айта аламын. 

 

B дивизвионы, Еуро жолдамасына талас. Қазақстан топта бірінші орын алды

Магомед Адиев: Стадиондағы атмосфера үшін айтар алғысым шексіз

Игорь Шацкий: Біз тарихи нәтижеге қол жеткіздік

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или