«Құпия» ақпарат

Фермерлер отбасында туған, Кенияда жаттығады: Әлем чемпионы Нора Джеруто туралы не білеміз

Фермерлер отбасында туған, Кенияда жаттығады: Әлем чемпионы Нора Джеруто туралы не білеміз

АҚШ-тың Орегон штатында жеңіл атлетикадан өткен әлем чемпионатында қазақстандық спортшы жеңімпаз атанды. 26 жастағы Нора Джеруто кедергілер арқылы жүгіруден 3 мың метрді 8 минут 53,02 секундта кесіп өтті. Осылайша Джеруто Қазақстан жеңіл атлетикасы тарихындағы алғашқы алтынды алды. Нора Джерутоның отбасы туралы және қайда жаттығатынын Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитеті Halyq Uni ақпараттық порталының ресми сауалына берген жауабында айтты.

Спортшының толық аты-жөні – Нора Джеруто Тануи. Ол 1995 жылы 2 қазанда Кения Республикасының Койбатек округінде фермерлер отбасында дүниеге келген. Спортшы 3 мың метрге кедергілер арқылы жүгіруге маманданған. Туған елінде бәсекенің көп болуына байланысты 2017 жылы Қазақстанға келіп, содан бері «Алтай Атлетикс» клубында жаттығады.

Спортшы 2018 Қазақстанның азаматтығын алды. Нора Джеруто Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында тіркелген. Алайда спортшы жаттығу жұмыстарын әлемдік кәсіби спортшылар жаттығатын Кениядағы арнайы таулы базада өткізеді. Комитет ақпаратына сәйкес, бұл базада Жанна Мамажанова және Ұлттық құрама команданың өзге де спортшылары жаттығады.

Жаттығудан басқа уақытты спортшы Қазақстанда өткізеді, басқа да спорт жарыстарына қатысады.

СПОРТТАҒЫ МАНСАБЫ

Нора Джеруто спорттағы мансабын 2011 жылы бастаған. 16 жасында қыздар арасындағы жарыста мәре сызығын алтыншы болып кесті. Дәл сол жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының финалында Нора су толы шұңқырға құлап кеткен, соған қарамастан мәреге алғашқы болып келді.

Джеруто 2016 жылы Кения чемпионатында екінші орын келіп, соның арқасында Африка чемпионатына жолдамаға қол жеткізді. Ол жарыста рекорд орнатып, алтын алды.

Джеруто 2017 жылы Қазақстанның «Алтай Атлетикс» жеңіл атлетика клубына қосылды. Спортшы тек 5 жылдан кейін, 2022 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан атынан халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алды.

Нора Джеруто қазір 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде әлемде бірінші орында тұр. Биыл мамырда Джеруто бұл қашықтықты 8 минут 57,97 секундта жүгіріп өткен. Ол Орегондағы жарыста жаңа нәтиже көрсетті. Жарыс аяқталған соң жеңіске жету үшін барын салғанын да жасырмады.

«Жарыс басталғанда эфиопиялық достарымнан қорықтым. Себебі олар да мен сияқты чемпион. Жеңіске жету үшін барымды салдым, бұл оңай болмады», - деді қазақстандық спортшы Нора Джеруто.

Қазақстан атынан Орегон штатындағы жарысқа Кенияда туған үш спортшы қатысты. Олар: Нора Джеруто, Дейзи Джэпкемей, Кэролин Кипкируи. 

Айта кетейік, Нора Джеруто мен Дейзи Джэпкемей апалы-сіңлі. Әлем чемпионатында Дейзи Джэпкемей 3 мың метрге кедергілер арқылы жүгіруден финалға өте алмады.

«Ата-анам, жаттықтырушым мен қарсыластарыма, менеджеріме және сіңіліме алғыс айтамын. Сіңілім финалға шыға алмады, алайда оның келесі чемпион болатынына сенемін», – деді Джеруто. 

Ал Кэролайн Кипкируи әйелдер арасындағы 10 000 метр қашықтыққа жүгіру сайысында 7-орын алды. Ол мәре сызығын 30 минут, 17,64 секундта кесіп өтті. Осылайша Қазақстанның осы қашықтықтағы рекордын жаңартты.

Түпнұсқасы: halyq-uni.kzОшибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0