Конференция лигасы. Қарсыластарымыз қарымды ма?
Биыл Конференция лигасында үш командамыз бақ сынайды. «Астана», «Қайрат» пен «Қызыл-Жар» да жарысты екінші іріктеу кезеңінен бастайды. Prosports.kz сайты назарларыңызға Қазақстан командаларының қарсыластары туралы қызық деректерді ұсынады.
«Осиек» - «Қызыл-Жардың» қарсыласы
Іргетасы қаланған жыл: 1947
Елді-мекені: Осиек қаласы, Хорватия
Стадионы: «Градски врт», 18 856
Жетістігі: Хорватия чемпионатының 9 дүркін жүлдегері; Хорватия Кубогының иегері
УЕФА іріктеуі: Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне дейін жеткен
«Қызыл-Жарға» кейінгі екі жылда Хорватия чемпионатында жүлде алған «Осиек» қарсылас атанды. Матчтарын Осиек қаласындағы 18 856 көрермен сыятын «Градски врт» стадионында қабылдайды. Бас бапкері - Ненад Белица. Біреу білсе, біреу білмес, дәл осы бапкер «Динамо» тізгінінде жүргенде «Астананы» Чемпиондар лигасында жеңген.
Хорватия чемпионатында «Осиек» 9 мәрте жүлдегер болса да әлі күнге дейін чемпиондықты ала алмады. Былтыр қола жүлдені жеңіп алса, 2020 жылы күміс жүлдегер болып, тарихындағы ең жоғары нәтижеге жетті. Сонау 1999 жылы ел Кубогында топ жарған. Ал 2011 жылы финалға дейін жетіпті.
Еуропадағы жолын 1995/96 жылғы маусымнан бастаған. УЕФА Кубогы мен Еуропа лигасының іріктеуіне 10 мәрте қатысып, әлі күнге топтық кезеңге шықпаған. 2017/18 маусымда плей-оффқа дейін жетіп, «Аустрияға» есе жіберді.
Биыл құрамында Қазақстан футболының жанкүйерлеріне жақсы таныс футболшылар бар. «Астанада» доп тепкен Ласло Кляйнхайслер «Осиектің» көшбасшы ойыншыларының бірі. «Динамода» Ненад Белицаның қол астында ойнап, «Астанаға» гол соққан Марин Леовац та бар.
«Ракув» - «Астананың» қарсыласы
Іргетасы қаланған жыл: 1916
Елді-мекені: Ченстохова қаласы, Польша
Стадионы: Қалалық стадион, 5 000
Жетістігі: Польша чемпионатының екі дүркін жүлдегері; Польша Кубогының екі мәрте иегері
УЕФА іріктеуі: Конференция лигасының үшінші кезеңіне дейін жеткен
Польшаның «Ракув» командасы Конференция лигасында «Астанамен» күш сынасады. «Ракув» - кейінгі екі маусымда Польшаның күміс жүлдегері, Польша Кубогының иегері.
Таңқаларлығы, «Ракув» 2017 жылы Үшінші лигада бақ сынаған. Араға екі жыл салып Екінші лигаға көтерілді, артынша жоғарғы дивизионға шықты.
Жалпы, «Ракув» сонау 1916 жылы құрылған. Ченстохова қаласындағы 5 мың көрермен сыятын стадионда ойнайды. Ғасырдан аса тарихы болса да Экстракласта 8 ғана маусым өткізген. Барлық жетістігіне кейінгі екі жылда жеткен. Екі мәрте ел Кубогын алып, екі рет чемпионаттың күміс жүлдегері атанды.
Еуропадағы алғашқы іріктеуінде-ақ біраз жанкүйерді шулатып үлгерді. Алдымен Литваның «Судувасынан» өтсе, сосын Ресейдің «Рубинін» тізе бүктірді. Бірақ үшінші кезеңде Бельгияның «Гентіне» есе жіберді.
«Кишварда» - «Қайраттың» қарсыласы
Іргетасы қаланған жыл: 1911
Елді-мекені: Кишварда қаласы, Венгрия
Стадионы: Варкерт, 2850
Жетістігі: Венгрия чемпионатының күміс жүлдегері;
УЕФА іріктеуі: Алғаш рет қатысады
1911 жылы іргетасы қаланған «Кишварданың» тарихында біраз жайт болған. Бірнеше мәрте банкротқа ұшырып, жабылып та қалған. Тек 2003 жылы қайта құрылып, клуб тарихындағы жаңа кезеңді бастады.
2018 жылдан бері Венгрияның жоғарғы чемпионатында бақ сынайды. Айтарлықтай жетістігі жоқ. Дегенмен былтыр жергілікті чемпионаттың күміс жүлдесіне қол жеткізіп, Конференция лигасының іріктеу кезеңіне алғаш рет жолдама алды. Негізгі стадионы 2019 жылы 2850 көрерменге лайықталып салынған.
Жарыстың осы кезеңінің ойындары 21 және 28 шілдеде өтеді. «Қызыл-Жар» мен «Қайрат» өздерінің алғашқы ойындарын өз алаңдарында өткізсе, «Астана» еуропадағы жорығын сырт алаңдағы ойынмен бастайды.