Мақсат Есболатов: ММА-дағы спортшыларға болашақта жақсы жағдай жасалатынына сенемін

Мақсат Есболатов: ММА-дағы спортшыларға болашақта жақсы жағдай жасалатынына сенемін

20 наурыз күні Ақтөбе қаласында ММА спортынан Alash Pride турнирі өтеді. Октогонда бес жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен Мақсат Есболатов ұйымның чемпионы атағына қол жеткізу үшін ресейлік файтер Рамазан Кадиевпен жекпе-жек өткізеді. Prosports.kz тілшісі турнир алдында Мақсатпен байланысқа шығып, аз-кем сұқбаттасқан еді. 

- Мақсат мырза, мансабыңыздағы алтыншы жекпе-жек алдында көңіл-күй жақсы ма? Шайқасқа дайындық қалай өтті?

 - Рахмет, бәрі керемет. Турнирге дайындығым Олжас Есқараев, Әділ Боранбаев ағаларыммен Алматы қаласында басталды. Соңғы бір айда Ақтөбеде Еркін күш командасымен жаттықтым. Кішкене салмақ түсірсем, жекпе-жекке толық дайын боламын. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ALASH PRIDE FC (@alash_pridefc)

 - Жанкүйерлерге қарсыласыңыз Рамазан Кадиев жайлы ақпарат айта кетсеңіз...

 - Рамазан ресейлік, шыққан тегі шешен жауынгер. Нағыз ысылған спортшы. Жас та болса, тәжірбиесі жеткілікті. Тартысты өткен жекпе-жектері көп. Жанкүйерлердің көңілінен шығатындай шайқас көрсетеміз. Қазақстандағы ММА жанкүйерлері бұл турнирді міндетті түрде тамашалайды деп ойлаймын. Қазақ жігіттеріне қолдау көрсетіңіздер!

 - Рамазанның мықты тұстары қандай?

 - Әмбебап файтер екенін байқадым. Партерде алысса да, тік тұрып төбелессе де есе жібермейді. Қандай мықты болса да, мен дайынмын. 

 - Әр жекпе-жекте қолданатын ерекше тактикаңыз бар ма?

 - Жауапкершілікті толық сезініп, тыңғылықты дайындаламын. Қарсыласты толық зерттеймін, осал тұсын іздеймін. Бірақ, белгілі бір қатып қалған тактикам бар деп айта алмаймын. Қарсыласқа байланысты. 

 - Жақында ғана сайтымызға сұқбат берген Бақдос Олжабай кейінгі жекпе-жегімде 1,5 миллион теңге алдым деді. Осы қаражат спортшының жеке басына, дайындығына, басқа да шығындарына жете ме? 

 - Иә, Бақдос Гран-при ұтқан кезде бір жарым миллион алды дейді. Өзім әлі бірде-бір жекпе-жегімде ондай ақша алған емеспін. Аз ақша емес, әрине. Бірақ, сол қаражаттың жартысынан көбі кәсіпқой спортшы деңгейінде дұрыс тамақтануына, витаминдерге, күнделікті шығынына кетеді. Оған қоса, жекпе-жектің қалай өтетінін білмейсің. Ауыр жарақат алып қалсаң, оның ем-домына ақшаң жетпей де қалуы мүмкін. Үкіметтен, кәсіпкер ағаларымыздан қолдау болса, қазақ жігіттерінің бағындырар шыңы көп. ММА елімізде енді дамып келе жатыр ғой, алдағы уақытта спортшыларға жақсы жағдай жасалатынына сенемін. 

 - Ұйыммен қазіргі келісімшартқа көңіліңіз тола ма?

 - Alash Pride ұйымына алғысым шексіз. Данияр аға маған: сен жас емессің, мықтылармен жиі шығып, өзіңді танытуын керек деген еді. Ол кісі сөзінде тұрды, мен де әр мүмкіндікті пайдалануға тырыстым. Міне, көзді ашып-жұмғанша ұйымның чемпиондық жекпе-жегіне шығатын уақыт та келді. Негізі, 12 желтоқсандағы турнирге қатысу жоспарда болған. Сырқатыма байланысты алтыншы жекпе-жегімді кейінге шегеруге тура келді. 

 - Өзіңіз үлгі тұтатын Конор Макгрегордың жастарға үлгі болатын қасиетін айта аласыз ба? 

 - Қазақта ер жігіт бір сөзді болу керек деген жақсы талап бар. Ата-бабамыздан келе жатқан қағида. Осы қасиетті мен Конордың бойынан көремін. Қашан да айтқан сөзіңде тұрады. Қанша биікке көтерілсе де, өз ұшқан ұясын ұмытқан емес. Өз еңбегінің арқасында бүкіл әулетін жетістікке жеткізіп жүр. Және ММА әлемін жер шарындағы мыңдаған балаға танытқан болса, соның бірі менмін. Хабибтің өзі Макгрегормен текетіресінің арқасында танымал болды деп ойлаймын. Қай сарбаз генерал болсам деп армандамайды дейсіз, сол секілді мен де күндердің бір күнінде Конормен жекпе-жек өткізгім келеді. 

 - Мақсаттың ММА-дағы мақсаты қандай?

 - Арыс қаласынан шыққан тұңғыш кәсіпқой ММА шебері болғым келген, сол мақсатыма жеттім деп ойлаймын. 20 наурыз күні Alash Pride ұйымының чемпионы болсам деген мақсатым тағы бар. Айта берсем алға қойған жоспар көп, қазіргі таңда ең маңыздысы - алдағы жекпе-жекте жеңіске жету.  

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или