Ильдар Құдайбергенов: Сен не тарихты жасайсың, не біреудің тарихында кетесің
Алматыда өткен аралас жекпе-жектен NFC 36 турнирінің басты жекпе-жегінде Ильдар Құдайбергенов чемпиондық белбеуін қорғап қалды.
Ол Серікбай Ходажабаевпен кездесіп, төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Осылайша, Ильдар Құдайбергенов мансабындағы бесінші жеңіске жетті. Ол әлі бірде-бір мәрте жеңілмеген.
- Қарсыласыңыз партерде жатқанда күресуге шақырғанын көрдік. Неге келіспедіңіз?
- Өйткені, оның базасы - греплинг. Күрестен жақсы. Көп жекпе-жегінде күрестің арқасында жеңіске жеткен. Кейінгі Хамзат Долгиевке қарсы айқасында да қарсыласын партерде әбден шаршатып, сосын жойқын соққысымен сұлатып түсірді. Сондықтан ойнап от басқанды жөн көрмедім.
- Серікбай Ходжабаевты сізді несімен таңғалдырды? Бір-екі жойқын соққысы тигенін көрдік.
- Ходжабаевтың соққысы ауыр деп айтқандарын естідім. Панчер деді. Соққылары тиді, бірақ аса сезіне қоймадым. Мүмкін ешқашан соққыдан құлап көрмегендіктен болар. Не десе де мықты соққыларын көрмедім, тек партерде көп күресті.
- Фаниль Рафиковке қарсы жекпе-жегінде шығарда көзіңізден жалын көрінген еді. Бұл жолы бәрі басқаша болды. Салмақ өлшеуден де тез кеттіңіз, көп сөйлемедіңіз...
- Басында Серікбайға қарсы жұдырықтасқым келмеді. Бірінші рет ұсыныс түскенде бас тарттым. Екінші рет өзі ұсыныс жасады. Бірақ мен шетелдік спортшыға қарсы шыққым келетінін айттым. Үшінші рет ұсыныс жасалғанда командам бас тартпауға шақырды. Әйтпегенде одан қашып жүргендей көрінетін едім. Шыны керек, жекпе-жекке дейін онымен достық қарым-қатынасым болды. Айқасқа шықпай тұрғанда, соңғы секундқа дейін жекпе-жек өтпейді деген үміт болды. Сол себепті алғашқы екі раундта ойымды жинақтай алмай, соққыларым дарымады.
- Неге? Доссыздар ма?
- Жоқ, дос емеспіз. Өмірде болады ғой... Оны 5 жылдан бері танимын. Адам ретінде құрметтеймін. Адалдығы, тәртіптілігі ұнайды. Сондықтан жекпе-жекке дұрыс «настрой» ұстай алмадым.
- Жекпе-жекке Марат Балаевпен бірге шықтыңыз. Құлағыңызға сыбырлап, бірдеңе айтып жатқанын көрдік...
- Марат Балаев - нағыз жауынгер, мотиватор. «Ильдар, қазір сенің уақытың. 25 минут сенікі. Сен не тарихты жасап өлесің, не біреудің тарихында кетесің. Сондықтан барыңды сал. 8 жыл түрмеде отырып, осы сәтке дейін не үшін жеткеніңді есіңе түсір. Қолыңнан не келетінін дәлелде» деп жігерлендірді.
- Чемпиондық титулға кімді үміткер ретінде көресіз?
- Ешкіммен жекпе-жек өткізуді әлі ойламадым. Бірінші кезекте, үйге қайтып, демалғым келеді. Екі айдан асты тыста жүргеніме. Мереке күндер өткен соң, Нұрбек Қарабаламен хабарласып, бір шешімге келерміз. Біздің салмақта төбелесетін жігіттер көп.