Асқар Мамин Қазақстан хоккей федерациясының президенті болып қайта сайланды
12 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан хоккей федерациясының (ҚХФ) XIV республикалық конференциясы өтті, оған Атқару комитетінің мүшелері, өңірлік филиалдардың, хоккей клубтарының және БЖСМ басшылары қатысты, деп хабарлайды Prosports.kz ҚХФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ҚХФ Президентінің 2016-2021 жылдар аралығындағы жұмыс туралы есебі, Федерацияның жарғысы мен ережесі, штаттық құрылымы қаралды, басқару және бақылау органдарының сайлауы өткізілді. Конференция қатысушыларының бірауыздан шешімімен Асқар Мамин Қазақстан хоккей федерациясының президенті лауазымына қайта сайланды.
А. Мамин өз сөзінде қазіргі уақытта ерлер арасындағы әлемдік рейтингте Қазақстан командасы 19-дан 13-орынға көтерілгенін атап өтті. Осы уақыт ішінде қазақстандық құрама командалар 19 әлем чемпионатына, Қысқы Азия ойындарына, екі қысқы Дүниежүзілік Универсиадаға, олимпиада іріктеу турнирлеріне қатысып, 14 медаль жиынтығын жеңіп алды.
ҚХФ Президенті хоккей лигаларының, оның ішінде жастар, әйелдер және әуесқой лигалардың жоғары даму қарқынын, чемпиондық титул мен Қазақстан Республикасының Кубогы үшін бәсекелестіктің артқанын атап өтті.
Алдағы кезеңде Федерация өңірлерде хоккейді дамыту, БЖСМ-нен бастап Жастар хоккейі мен Кәсіби хоккейге дейін хоккейшілерді даярлаудың толыққанды клубтық жүйесін құру, әйелдер хоккейінің географиясын кеңейту, өңірлерде жаңа хоккей мектептерінің, Қызылорда, Шымкент, Атырау және Ақтауда жастар хоккей клубтарының, Оралда кәсіби клубтың ашылуына жәрдемдесу жөніндегі жұмысты күшейтеді.
<span>Фото ligasy.kz</span>