Теннис

US Open: қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды

US Open: қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды

30 тамызда басталатын US Open турнирінде қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі ҚТФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жекелей сында әйелдер арасындағы жарысқа Қазақстаннан төрт теннисші қатысады. Еліміздің бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 99-орында тұрған Беларусь өкілі, тәжірибелі спортшы Александра Сасновичпен кездеседі. Әлемнің 33-ракеткасы Юлия Путинцева рейтингте 70-орындағы, тағы бір тісқаққан ойыншы, 36 жастағы эстониялық Кайя Канепимен күш сынасады. Рейтингте 110-орында тұрған Зарина Диясқа әлемнің 73-ракеткасы, жуырда 20 жасқа толатын америкалық Аманда Анисимова қарсылас атанды. Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны, рейтингте 449-сатыдағы тәжірибелі Ярослава Шведова әлемнің 98-ракеткасы, италиялық Ясмин Паолинимен кортқа шығады.

Ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 37-ракеткасы Александр Бублик алғашқы айналымда рейтингте 134-сатыдағы германиялық Янник Ханфманның шамасын байқап көреді. Егер М.Кукушкин іріктеу сайыстарының финалында қарсыласын ұтса, негізгі додаға ол да қосылады.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер 0