"Көрермен болмауы әсерін тигізеді екен". Төрт Олимпиадада бақ сынаған Ольга Рыпакова жарыс жайлы
Токио төрінде өтіп жатқан Олимпиадада Қазақстанның үкілеп әкелген жеңіл атлеті Ольга Рыпакова жарыс жолынан шығып қалды. Төртінші Олимпиадасында тәжірибелі атлет финалға өтпеді.
Ольга Рыпакова 2008 жылы өткен Пекин Олимпиадасында Қазақстанның қоржынына алғашқы жүлдесін салды. Қытай жерінде өткен додада күміс алған. Төрт жылдан соң Лондон Олимпиада чемпионы атанды, ел тарихына есімін алтын әріптермен жазды. Үшінші Олимпиадасы - Риода тағы жүлдегерлер қатарынан көрініп, Олимпиаданың барлық жүлделер жиынтығын жинады.
Үш қарғып секіруде Ольга Рыпаковаға қарсылас шақ келмеген кезең де болған. Үш бірдей әлем чемпионатында жүлде алған. Ал 2010 жылы Хорватияда өткен халықаралық жарыста 15,25 метрге секіріп, Азия рекордын жаңартты. Бұл жетістік әлі күнге ешкім қайталай алмай келеді.
Пандемияның салдарынан Олимпиада қарсаңында ірі турнирлерге қатыса алмай, біраз кідіріп қалған. Дохада өткен "Гауһар лигасы" кезеңінде бағын сынап көрді. Жарыстан соң Prosports.kz тілшісі Олимпиаданың үш дүркін жүлдегерімен сұхбаттасты.
"Бұл төртінші Олимпиадам, әрине, салыстыратын нәрсе көп. Әдетте, стадиондағы атмосферадан, көрермендердің қолдауынан күш-қуат алатынмын. Трибунда жанкүйерлердің көп болуы жақсы әсер ететін. Бірақ бүгін стадион бос болды.
Токио Олимпиадасының ұйымдастырушылар ерлік жасады. Олар осындай қиын уақытта үлкен еңбек етіп, жоғары деңгейде жарысты ұйымдастырды. Ұйымдастырушыларға алғыстан басқа ештеңе айта алмаймын".
Жеңіл атлет іріктеу кезеңінде финалға берілетін 12 жолдаманы иелене алмады.
"Қазір не болғанын нақты айта алмаймын. Бапкеріммен сөйлесіп, қайталауды көрген соң қателіктерімді анықтаймыз. Ескі жарақаттарымның әсер еткені де бар. Дегенмен жасыңның ұлғайғаны да өз әсерін береді екен. Уақыт өткен сайын нәтиже төмендей береді.
Соңғы Олимпиадамда жақсы нәтиже көрсетіп, елімді қуантқым келді. Жүлдегер қатарында тұрып, сол бір ерекші сезімді сезінгім келгені рас. Бірақ әркез жолың болуы мүмкін емес", - дейді спортшы.
Ольга Рыпакованың жасы 36-да. Олимпиададан соң мансабын аяқтап, ел спортының дамуына үлесімді тигізсем дейді.
"Спорттан кеткен соң не істейтінімді әлі шешпедім. Әрине, спортқа қатысты ойларым бар. Спорттың төресі - жеңіл атлетикаға ғашықпын. Сол үшін Қазақстан жеңіл атлетикасының дамығанын қалаймын. Жаңа өсіп келе жатқан буын Қазақстанды әлемдегі мықты спорт елдерінің қатарына қосатындай еңбек еткім келеді.
Париж Олимпиадасына бармаймын. Спортшы үшін бұл менің соңғы Олимпиадам. Өйткені қызым бой жетіп келеді. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Кішкентай болсын қадаммен ол кәсіби спортқа ауысып жатыр. Сондықтан оған да қолдау көрсетуіміз керек".
Олимпиада чемпионы мансабын аяқтаған соң өзін басшылық қызметте көрмейтінін айтты.
"Мен үшін отбасым әркез бірінші орында. Алдағы уақытта отбасыма көбірек уақыт бөлгім келеді. Ал басшылық қызметті сосын көре жатармыз".
Ольга Рыпакова халықаралық турнирлерге 2000 жылы қатыса бастады. Жасөспірімдер арасында әлем чемпионатында бақ сынаған. Ересектер арасында үш әлем чемпионатында жүлде алып, өзі қатысқан үш бірдей Олимпиада жүлдегерлер қатарынан көрінді. 20 жыл бойы еткен еңбектің арқасында Қазақстан спортының тарихында қалды.
Токиодан Айбар Рысдәулет