«Есірткі, клуб, полиция». UFC файтері қазақстандық Мария Агапова туралы жаға ұстатар ақпарат айтты
Аса жеңіл салмақта өнер көрсететін UFC файтері украиналық Марина Мороз қазақстандық Мария Агапова есірткі қолданатынын, бүгінде оны екі залдан қуып жібергенін айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
Мұндай ақпаратты Мороз Instagram желісіндегі тікелей эфирде мәлім етті. Украиналықтың сөзінше, Агапова есірткі заттарын қолданады. Мороздың айтуынша, Мария сондай жағдайда жүріп, көлігін соғып алған. Жанжалдары кесірінен оны екі залдан қуып жіберген, сонымен қатар, American Top Team-де ол басқа файтерлерге қоқан-лоқыс көрсеткен.
«Ол файтерлерді пышақ саламын деп қорқытты, айтпақшы, сол сәт камераға түсіп қалған, сонымен қатар, ол бір файтердің жүкті әйелін аңдыған. Полицияны төрт рет шақырды», - деді украиналық спортшы тікелей эфирде.

«Вестник ММА» YouTube-каналына берген сұхбатында Мороз Агаповамен бірге ұзақ уақыт жаттығу жасаған соң, бұл жайттың мән-жайын білетінін айтты. Оның сөзінше, файтерлер кейде босаңсу үшін шөп шегеді, бұл құпия емес екен, бірақ Агапова шөптен де қауіпті заттар қолданады.
«Көбі оған бұл жағдайдан құтылу үшін көмектесуге тырысты, ақша берді, оның бәрі қыдыруға жұмсалды. Білесіздер ме, ол жаттығуға түсініксіз жағдайда келетін, клубтан не сауық-сайраннан соң. Оның өзі бәрін шегіп, қолданып көргенін айтты. Салдарынан оны ATT-ден қуып жіберді. Кейін оны тағы бір зал қуып жібергенін естідім. Біз Машамен көршіміз, оның үйіне полиция келетінін жиі байқаймын», – деді украиналық файтер.
Айта кетейік, 24 жастағы Агапова ММА-де тоғыз рет жеңіп, екі мәрте қарсыласына жол берген. Былтыр тамызда UFC on ESPN 15 турнирінде ол америкалық Шэн Добсоннан техникалық нокаутпен жеңіллген еді. Агапованың айтуынша, ол октагонға қыркүйекте оралмақ, ал қазір MMA Masters базасында жаттығып жүр.