UFC-дегі спортшыны жеңген жерлесіміз мансабындағы ұзақ үзілісі, Морозовпен жекпе-жегі жайлы айтты
28 мамыр күні Алматыда аралас жекпе-жектен байрақты турнир өтеді. Кешті елімізде белсенді дамып келе жатқан қазақстандық OCTAGON ұйымдастырады.
O19 турнирінің басты айқасында Махир Мамедов (14-1) пен Адис Таалайбек уулу (4-1-2) төбелеседі. Бәске орта салмақтағы чемпиондық белбеу тігілген.
Тағы бір жекпе-жекте болашағы зор тәжікстандық файтер Фарход Давлятов (3-0) уағында UFC-дің қазіргі өкілі Сергей Морозовты жеңген 30 жастағы қазақстандық Мират Бекішевпен кездеседі.
Prosports.kz тілшісі өзінің кәсіби мансабын күтпеген жерден қайта жалғастыруға бел буған тәжірибелі қазақстандық спортшымен сұқбаттасты.
- Мират, сіз көп уақыт кәсіби спортта көрінбедіңіз. Себебі неде?
- Мен бұрыннан спортпен айналысамын және екі спорт түрінен халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Бірақ бір сәтте спорт мүлде ақша әкелмейтінін түсіндім де, өзімді бизнесте сынап көргім келді. Жаратқанға шүкір, жұмыс алға жүре бастады. Сондықтан, бабыма келіп, сүйікті ісіммен қайта айналысуға мүмкіндік туды.
- Сіз 2016 жылы әуесқойдар арасында ММА-дан әлем чемпионатында қола жүлде жеңіп алдыңыз. Одан бұрын кәсіби спортта жүрдіңіз де, кейін әуесқойлар арасына ауысып кеттіңіз. Бұл қалай?
- Ол кезде біз барлық жарыстарға қатысып қалуға тырысатын едік. Турнирді кәсіби және әуесқой деп бөлген жоқпыз.

- Біздің білуімізше, сіз алғашқы жекпе-жегіңізде қазір ел намысын UFC-де қорғап жүрген жерлесіміз Сергей Морозовпен кездестіңіз?
- Ақпарат сәл дұрыс емес. Кәсіби мансабымды 2011 жылы Теміртау қаласында өткен «Темір таудағы шайқас» турнирінде бастадым. Қырғызстандық спортшылармен кездестік. Мен ғана жеңіске жеттім, қалған әріптестерім ұтылып қалды. 1:4 есебімен есе жібердік.
Морозовпен екі рет төбелестім. Алғаш рет Қазақстан чемпионатында. Еш қиындықсыз ұттым. Екінші кездесуімізде қате өзімнен кетті. Дайындық та дұрыс болмады. Бірақ бірінші және екінші раундтар менің пайдама шешілді. Кейін жойқын соққы өткізіп алдым, төреші бірден жекпе-жекті тоқтатты. Ол кезде жеңілдім деп ойламаймын, себебі одан да зор соққыларды өткізіп, тізерлеп қалсам да, қайта тұрып, қарсыласты ұтқан кездерім болған. Әрине, Морозовтың еңбегін жоққа шығармаймын. Қазір Сергей секілді шын мықтымен шайқасқанымды мақтан етемін. Мансабын бақылап отырамын. Жетістіктеріне қуанамын. UFC чемпионы болсын деп тілеймін. Оған лайықты және әлеуеті де жетеді.

- Кәсіби мансабыңызды қайтадан жалғастыру жайлы шешімді қалай қабылдадыңыз және неге OCTAGON лигасын таңдадыңыз?
- Екі ай бұрын біз Алматыға ұшып бардық. Мектеп кезінен бергі досым Қасым Әнуарбек ММА-ға оралды. OCTAGON лигасында бақ сынады. Жеңіске жетті. Маған турнирдің ұйымдастырылуы өте қатты ұнады. Спортқа оралуыма ынталандырды десем болады. Сондықтан, мен де өз шамамды байқап көргім келді.
- Ұзақ уақыт үзілістен кейін азулы қарсыласпен кездескелі отырсыз. Фарход Давлятов әлі жеңілмеген, жалындап тұрған жас жігіт. Қорқыныш жоқ па?
Ешкімге тізе бүкпеген спортшыны жеңуде менің тәжірбием бар. 2015 жылы «Көшпенділер шайқасы» жарысына қатыстым. Бес жекпе-жек өткізіп, бәрін нокаутпен ұтқан тәжік Бехруз Зухуровпен кездестім. Жеңдім. Ал, қазір сол Зухуров ең күшті ACA лигасында бақ сынап жүр. Рекорды - 15-4, он жекпе-жегін нокаутпен аяқтаған. Мені статистика мазаламайды. Спорттағы тәжірбием мол. Ешбір қарсыластан именбеймін. Оған қоса жекпе-жектегі кез-келген сценарийге дайынмын.
- OCTAGON-дағы, жалпы ММА-дағы түпкілікті мақсатыңыз қандай?
- OCTAGON турнирінде болдым және маған лига қатты ұнады. Отандық телеарналар тікелей эфирде таратады. Еліміздегі ешбір ұйым ұйымдастыру жағынан таласа алмайды. Мықты қарсыласпен төбелесемін. Қазір бар ойым келесі жекпе-жектегі жеңіс. Әрине, осы лигада чемпиондық белбеуді еншілеп, жерлестерім секілді UFC-де бақ сынасам деймін.
Турнирдің ресми серіктестері - TURAN және 1XBET букмекерлік компаниясы.