«Үздік болғың келсе, үздіктермен төбелес». OCTAGON дебютанты - титулды жекпе-жек, қарсыласы туралы
17 наурызда Алматыда қазақстандық OCTAGON промоушенінің кезекті турнирі өтеді.
Басты кездесуде 20 жастағы проспект Карим Рузбакиев (5-0) пен промоушендегі дебютіне дайындалып жатқан Айболат Мұратұлы (2-2) жартылай ауыр салмақта чемпиондық белбеуді сарапқа салады.
Prosports.kz тілшісі дебютантпен тілдесіп, дайындығы қалай өтіп жатқанын сұрады.
- Айболат, 17 наурыздағы жекпе-жегіңізге дайындық қалай жүріп жатыр??
- Дайындық жақсы өтіп жатыр. Тек салмақ қуу қалды.
- Алдағы жекпе-жек сіздің OCTAGON лигасындағы дебютіңіз болады. Неліктен сіз осы промоушенде өз бағыңызды сынап көруге шешім шығардыңыз?
- Маған өзімді көрсетуге мүмкіндік берілді. «Үздік болғың келсе, үздіктермен төбелес» дегендей.
- OCTAGON промоушенінде қанша уақыт болуды жоспарлап отырсыз?
- Әзірше болашақты болжағым келмейді. Жекпе-жекті өткізейік, сосын көре жатармыз.

- Кәрім Рузбакиевпен жекпе-жекте бірден жартылай ауыр салмақта чемпион атағын жеңіп алуға мүмкіндігіңіз болып тұр, мұны қалай қабылдадыңыз?
- Кәрім - жақсы файтер. Оған кештің басты жекпе-жегіне лайық қарсылас табылмады. Менің де жасым 20-да емес, сондықтан мүмкіндік берген соң, оны пайдалануым керек.
- Жақындарыңыз карьераңыз турады не дейді?
- NFC лигасында жеңілген кезде, ұлым «Әке, сен чемпионсың, жеңілмеуің керек» деді.

- Қарсыласыңыз туралы не білесіз? Сіз оның осал және күшті жақтарын анықтай алдыңыз ба?
- Қарсыластың соққысы жақсы. Мен оның жекпе-жектерін көрдім, оған дайындаған тосынсыйымыз бар.
- Рузбакиев кәсіпқой карьерасында жеңілмеген. Бұл жағдай сізге қосымша қысым жасай ма?
- Жоқ, керісінше, сондай файтерді жеңе алатыным күш береді.
Турнирдің ресми серіктесі TURAN суы - Turan.sport, turanwater.com.
- Жекпе-жек алдында қарсыласыңызға не айтқыңыз келеді?
- Не айтамын. Жеңіс пен жеңіліс – Аллах қолында. Қай мықтысы жеңсін.