Қоңқабаев: Олимпиадада алтын медаль алу үшін барымды саламын
Ауыр салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев Prosports.kz порталына берген сұхбатында британиялық Стивен Уордпен (13-1, 4КО) өтетін жекпе-жек пен Токио Олимпиадасына дайындық туралы айтты.
- Қамшыбек, бірінші ауыр салмақтағы WBO Asia Pacific белбеуі үшін өтетін жекпе-жекке қалай дайындалып жатырсыз?
- Бәрі жоспар бойынша жүріп жатыр. Өздеріңіз білетіндей, жыл басында ұлттық құрамамен бірге Майамиде оқу-жаттығу жиынын өткізіп қайттым. Қазақстанға келгеннен кейін Уордпен жекпе-жекке дайындықты жалғастырып жатырмын.
- Стивен Уорд өте тәжірибелі қарсылас. Оны зерттей алдыңыз ба?
- Иә, ол өте тәжірибелі боксшы. Бұрынғы Еуропа чемпионы. Оны әлі толық зерттеп үлгермедім. Менің ойымша, 27 ақпанда Уорд екеуміз тартысты жекпе-жек көрсетеміз.

- Токио Олимпиадасына дейін аз уақыт қалды. Жазғы ойындарға дайындық қалай?
- Расында, уақыт тез өтіп жатыр. Барлық әуесқой боксшылар үшін арман - Олимпиада чемпионы болу. Сондықтан бұл мақсатқа жету үшін барымды саламын. Ойындарға дайындық барысы көңілімнен шығады.
- Қазір кәсіпқой бокста бірінші ауыр салмақта өнер көрсетіп жүрсіз. Егер Олимпиададан кейін кәсіпқойға түбегейлі ауыссаңыз, осы дивизионда қаласыз ба?
- Әуесқойда супер ауыр салмақта, кәсіпқойда бірінші ауыр салмақта жұдырықтасып жүрмін. Себебі менің оңтайлы салмағым 100 келі. Жекпе-жек үшін бір-екі фунт салмақ тастаймын. Құдай қаласа, егер Олимпиададан кейін кәсіпқойға бет бұрып жатсам, бірінші ауыр салмақта жалғасты өнер көрсетемін. Онда белгілі бір нәтижеге қол жеткізген кейін супер ауыр салмақ дәрежесі туралы ойланамын. Ол салмақта қазір Энтони Джошуа, Тайсон Фьюри сияқты жұлдыздар бар.

Айта кетейік, 27 ақпанда Алматыда өтетін бокс кешінде Қамшыбек Қоңқабаев (2-0, 2KO) бірінші ауыр салмақтағы бос WBO Asia Pacific чемпиондық атағы үшін британиялық Стивен Уордпен жұдырықтасады.
Сондай-ақ, 29 жастағы боксшы жазда Токио Олимпиадасына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны.