«Қиындықтар тудыруы мүмкін». Қарсыластардың бапкерлері Қазақстан туралы не дейді

«Қиындықтар тудыруы мүмкін». Қарсыластардың бапкерлері Қазақстан туралы не дейді

Футболдан 2022 жылғы әлем чемпионаты іріктеу кезеңінің жеребесі тартылғаннан кейін D тобындағы құрамалардың бас бапкерлері Қазақстан командасы туралы пікірін бөлісті, деп хабарлайды Prosports.kz тілшісі.  

Франция құрамасының бас бапкері Дидье Дешам Қазақстанның алыста орналасқанын атап өтті.

«Біз Украина мен Финляндия құрамаларын жақсы білеміз, өйткені біздің команда олармен жақында кездесті. Бірақ біз, мысалы, Қазақстанда ешқашан ойнаған емеспіз. Ол жаққа сапар өте ұзақ болады. Матчтардың кестесін білу үшін ертеңге дейін күтеміз. Бұл қосымша қиындықтар тудыруы мүмкін», - деді Дешам.

Украина құрамасының бас бапкері Андрей Шевченко болса, Қазақстан туралы қысқа қайырды. 

«Біз өте күрделі топқа түстік. Әрине, әлем чемпионы Франция құрамасымен кездесулер қиын болады. Біз оның күшін білеміз. Босния мен Герцеговина төртінші себеттегі ең мықты команда деп атауға болады. Финляндияны да білеміз - 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеуінде осы командаға қарсы ойнадық. Сол кезде финдерге қарсы матчтар өте ауыр болды. Қазір бұл команда дамып келеді. Оның Еуропа чемпионатына жолдама алуы - алға жылжуының дәлелі. Қазақстанды да елемеуге болмайды», - деді Шевченко.

Финляндия құрамасының бас бапкері Маркку Канерва болса, Қазақстан өз алаңында ұпай жинауға тырысатынын айтады.

«Еуропа чемпионатын ескерсек, бізді наурызда бірнеше қиын кездесу күтіп тұрғанына сенімдімін. Барлық команда мықты, ал Қазақстан, ең болмағанда, өз алаңында ұпай жинауға тырысады», - дейді ол.

Ал Босния және Герцеговина құрамасының капитаны Эдин Джеко Қазақстанды бесінші себеттегі ең мықты құрамалардың бірі екенін айтты.

«Франция - бірінші орынға ең басты үміткер. Көптеген жыл бойы өте жақсы ойнап келе жатқан Украина мен Финляндия бар. Әрине, бесінші себеттегі қарсылас бойынша жолымыз болмады, өйткені Қазақстан осы себеттегі ең мықты командалардың бірі», - деді Джеко.

Айта кетейік, 2022 жылғы әлем чемпионатының еуропалық іріктеу кезеңі 2021 жылы 24-25 наурызда басталып, 14-16 қазанға дейін жалғасады. Ал Катардағы негізгі кезең 2022 жылдың 21 қарашасы мен 18 желтоқсаны арасында өтеді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или