Қысқы

Фристайл-могулдан Қазақстан құрамасы Финляндиядағы әлем кубогына қатыспайды

Фристайл-могулдан Қазақстан құрамасы Финляндиядағы әлем кубогына қатыспайды
news-banner7
mobile-news-top

Фристайл-могулдан Қазақстан командасы Финляндияның Рука қаласындағы әлем кубогы кезеңіне қатыспайды, деп хабарлайды Olympic.kz. Бұған кейбір команда мүшелерінің ПТР сынағының оң нәтиже көрсеткені себеп болған.

Құрама мүшелері Финляндияға келген бойда қабылданған нормаға сәйкес ПТР сынақ тапсырған. 25 қараша күні тапсырылған анализ қорытындысы бойынша, ұлттық құраманың төрт мүшесінен оң нәтиже табылған.

Халықаралық шаңғы спорты федерациясының (FIS) COVID-19 тәуекелі мен сынағына қатысты Хаттамасына сәйкес, әлем кубогі кезеңдерінде команда мүшелері түгелдей қабылдаушы мемшекеттің коронавирустың алдын алу және таратпау жөніндегі ережесін сақтауы тиіс. Сынақ оң нәтиже көрсеткен жағдайда, жергілікті денсаулық сақтау органдары қорытынды шешім қабылдайды.

29 қараша күні Қазақстан командасының барлық мүшесі қайтадан ПТР сынақ тапсырып, барлығы теріс нәтиже көрсетті.

2 желтоқсан күні команда мүшелері тағы да ПТР сынақ тапсырып, теріс нәтиже көрсетті.

Финляндиядағы қазіргі санитарлық нормаларға сәйкес, оң нәтиже көрсеткен тұлғалармен байланысты болғандардың барлығы оқшауланады (7-10 күн аралығында).

Соңғы екі сынақтың теріс нәтиже көрсеткеніне қарамастан, қазақстандық могулшылар Рукадағы әлем кубогы кезеңіне қатыса алмайды.

«Жағдайды дұрыстап қарайтын болсақ, фристайл-могулдан Қазақстан командасы мүшелерінің сынақ нәтижесі жалған сияқты. Біз бұл сәтті бақылауда ұстап, әлем кубогін ұйымдастырушы комитетпен және FIS құзырлы органдарымен байланысты үзген жоқпыз. Алайда, Федерация өкілдері біздегі оқиғаға араша түсе алмады, сол себепті, Финляндия бас санитар дәрігерінің шешімімен жарысқа қатыспаймыз. Қазіргі таңда спортшылар өздерін жақсы сезінуде және барлық шаралар қабылданды. Команда оқшаулануда. Ешкімде ауру белгілері байқалмайды.

FIS аталған жағдайға қатысты жарыс Хаттамасын жаңартып, Швецияда өтетін келесі әлем кубогі кезеңінде оң нәтиже көрсеткен спортшылар коронавирусқа қатысты қайтадан ПТР сынағын тапсыратынын жеткізді», - дейді Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті қысқы спорт түрлері бойынша дирекция жетекшісі Олжас Бесбаев.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер