ММА

Сергей Морозов: Умар Нурмагомедов Хабибтің көлеңкесінен шыққысы келеді

Сергей Морозов: Умар Нурмагомедов Хабибтің көлеңкесінен шыққысы келеді
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстандық файтерлердің ішінде UFC ұжымымен үшінші болып келісімшарт жасаған Сергей Морозовтың дебютін жұрт асыға күтіп жүр. Қарсыласы – Умар Нурмагомедов. Дағыстандық файтердің деңгейі қандай? Оның тегі жекпе-жекке қаншалықты әсер етеді?

Prosports.kz cайтының тілшісі Мадияр Қазыбек осы сұрақтардың жауабын білмекке M-1 чемпионымен байланысқан еді. Назарларыңызға Сергей Морозовпен болған сұхбатты ұсынамыз.

- Сергей, алдағы жекпе-жекке дайындық қалай өтіп жатыр?

- Бәрі ойдағыдай. Жоспарға сәйкес, әдеттегідей дайындалып жүрміз.

- Қарсыласты қапы қалдыру үшін жаттығу стилін өзгерту ойда бар ма?

- Аса бір ерекше ештеңе жоқ. Бұған дейін де солақайлармен кездесіп жүрдім ғой, сондықтан бұрынғыдай жаттыға береміз.

- Шавкат Рахмоновпен бірге жаттығып жүрсің. Сол туралы тоқтала кетсең…

- Иә. Шавкатпен құрамада жүргеннен бері бірге жаттығып келемін. Ол - өте еңбекқор, пысық спортшы. Ақтөбеге келген. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Біздің клубтың жігіттері де оған көмектесіп жүр.

- Рахмоновты айтқан соң, Жұмағұловты айтпай кету мүмкін емес. Жалғастың UFC-дегі екінші жекпе-жегі қашан өтуі мүмкін, кездесуді қашан тамашалай аламыз?

- Аз қалды деп ойлаймын. Келісім бар, алайда оны қазір жариялауға болмайды. Жалғас келісімшартқа қол қойған. Енді ресми ақпарат күту ғана қалды.

- Жақында АСА лигасында Артем Резников Юсуф Раисовтан басым түсті. Кездесуге қандай баға бересің?

- Артем үлкен іс атқарды. Жарап тұр. Жеңемін деді – жеңді. Ол меніңше таза жеңіске жетті. Жақсы төбелесті. Бұл Артемнің ең үздік жекпе-жектерінің бірі деп бағалаймын. Стойкада дес бермеді, күресте басымдық танытты. Бір сөзбен айтқанда Раисовтан үздік болды. Оны жеңісімен құттықтаймын. Мұнымен тоқтап қалмай, алға жылжу керек.

- UFC-дегі дебютіңе ойыссақ. Қарсылас туралы не айтуға болады?

- Қарсыласым мықты жігіт қой. GFC ұйымының чемпионы. UFC дебютанты. Мен M-1чемпионымын. Мен де америкалық промоушн дебютантымын. Жекпе-жек алдында ауызға келгенді айта беруге болады. Мен ауызбен айтқаннан гөрі, іспен дәлелдесем деймін.

- Умар Нурмагомедов атақты файтер ме, әлде қатардағы жекпе-жек шеберінің бірі ме?

- Нурмагомедов деген тегі әлемге танымал. Өзі де былайша тәжірибесі толысып келеді. Ағасының көлеңкесінен шыққысы келеді, әрине. Жеңімпаз болғысы келеді, чемпиондықтан дәмесі бар. Бұл енді кез келген сарбаздың көкейіндегі арман ғой. Өзі мықты ма, әлде тегімен ғана мақтан ма, оны уақыт көрсетер.

- Умар бір сөзінде Морозовты таптап өтемін деді. Сен өз сөзіңде нақты ештеңе айта қоймадың? Қазақстандық спортшылар «арық айтып, семіз шыққанды» жақсы көре ме? Неге осындайда шоу жасамасқа?

- Иә, солай деген екен. Естідім. Айту басқа да, оны орындау мүлде бөлек. Мықты екеніңді іспен дәлелде, торда көрсет. Мен ондай ештеңе айтқым келмейді. Неше түрлі жағдайды көзіміз көріп жүр. Октагон сыртында лепіре сөйлегендер, жекпе-жекте омақасып жатады. Кейде кездесуге басқаша дайындалып барсаң, оппонентің саған қарсы өзгеше дайындалып келеді. Болжау өте қиын. Біз тек себепкерміз, ал нәтиже бізге байланысты болмауы мүмкін. Қарсыласты бағаламау дұрыс емес. Тәкаппарлық деген спортқа жат нәрсе. Мен анау айтқандай әсіреқызыл сөзбен әуестенбеймін.

-Құпия болмаса, Нурмагомедовті немен таң қалдырасың?

- Ешқандай құпия жоқ. Бұрынғы әдіс-тәсіл, айла-амалдарды пайдаланамыз. Кім шын жеңіске жеткісі келеді – сол жеңеді. Қазір UFC-де біреуді таң қалдыру мүмкін емес. Көреміз. Дәл қазір Умармен кездесуге, октагонда айқасуға құлшынысым зор!

- Сергей, дебютің сәтті өтсін. Көп рахмет!

Сұхбаттасқан Мадияр Қазыбек.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер