Шавкат Рахмоновтың UFC-дегі жекпе-жегін қашан тамашалаймыз
Қазақтың үздік файтерлерінің бірі Шавкат Рахмонов (12-0) UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін қашан өткізетіні белгілі болды, деп хабарлайды Prosports.kz.
25 жастағы «Номад» 24 қазанда америкалық промоушнде, дәлірек айтқанда UFC 254 турнирінде дебют жасайды. Аталған турнирдің басты жекпе-жегі жеңіл салмақтағы чемпион Хабиб Нурмагомедов пен уақытша чемпион Джастин Гэтжи арасында өтеді.
Рахмоновтың Абу-Дабидегі қарсыласы 33 жастағы бразилиялық Элизеу Дос Сантос Залески (22-7) болмақ. Залески UFC-ге 2015 жылдың мамыр айынан бастап қатысып келеді. Соңғы бес жыл ішінде жауынгер 8-3 рекордына ие болды. Бразилиялық октагоға соңғы рет осы жылдың шілде айында шығып, ресейлік Муслим Салиховтан жеңіліс тапты.
Ал Рахмонов былтыр 77 келі салмақта M-1 Global белбеуін сәтті қорғаған сәттен бастап сегізбұрышқа шыққан жоқ.
Рахмонов америкалық компаниядағы дебютін осы жылдың наурыз айында өткізуі керек еді, бірақ іс-шараға бір апта қалғанда турнирдің өтпейтіні белгілі болды. Кейінірек дебют шілде айына жоспарланған, бірақ бұл жолы Рахмоновтың өзі қолынан жарақат алып, турнирге қатыса алмады.
Еске сала кетелік, дәл осы турнирде тағы бір қазақстандық, M-1 Global-дың бұрынғы чемпионы Сергей Морозов та бақ сынайды. Морозовтың қарсыласы бұрынғы GFC чемпионы ресейлік Умар Нурмагомедов болмақ. Жалғас Жұмағұлов та UFC 254-те жекпе-жек өткізуі мүмкін.