Қуаттың командасында бірнеше ойыншыдан коронавирус анықталды
«Оренбург» футбол клубының бірнеше ойыншысы коронавирус жұқтырды, деп жазады Prosports.kz.
Бұл туралы комментатор Нобель Арустамян телеграм желісіндегі жеке парақшасында хабарлады.
Арустамянның айтуынша, «Оренбургтің» бірнеше ойыншысы мен қызметкері тапсырған тест оң нәтиже көрсеткен. Алда клуб мүшелері қайтадан сынақ тапсырады. Команда карантинге жабылды.
«Оренбургтің» келесі матчы 27 маусымда «Краснодарға» қарсы өтуі керек еді. Егер коронавирус анықталса бұл ойын кейінге шегерілуі мүмкін. Онда орынборлық команда қатарынан екі кездесуді өткізе алмайды. Бұған дейін мәскеулік «Динамомен» матч кейінге қалдырылған болатын.
Айта кетейік, «Оренбург» сапында қазақстандық жартылай қорғаушы Исламбек Қуат өнер көрсетеді. 27 жастағы ойыншы орынборлық клубқа биыл қаңтар айында ауысып барды. Оған дейін Қуат алматылық «Қайратта» доп тепті.
«Оренбург» РПЛ-де 23 турдан кейін 23 ұпай жинап, 15-орынға жайғасқан.