Олжас Абраев: Біріншіліктің қашан жалғасатынын кесіп айту ерте
Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының басшысы Олжас Абраев кейбір ақпарат құралдарындағы Қазақстан чемпионаты 31 мамырда қайта жалғасады деген қауесеттерге түсінік берді, деп жазады Prosports.kz.
«Қазіргі уақытта біз тиісті мемлекеттік органдармен, Қазақстан футбол федерациясымен және Лиганың мүшелерімен маусымды жалғастыру жоспарын келісу үстіндемыз. УЕФА бұған дейін Еурокубоктың 2020/2021 жылғы маусымының жаңартылған кестесімен бөлісті. Матчтардың күндері айтарлықтай өзгерді, сондықтан Лига әкімшілігі ішкі матчтардың бірнеше жаңа кестелерін жасады. Сонымен қатар, ұзақ үзіліске байланысты ағымдағы чемпионатты 3 айналымда аяқтау мүмкін емес.
Сондықтан, бейнеконференция арқылы клубтармен мүмкін болатын нұсқаларды талқылағаннан кейін, біз трансфер уақыты, Чемпиондар лигасы мен Еуропа Лигасының матчтары күндерін ескере отырып, 2 айналымдағы маусымның жобасын ұсындық. Бірінші жоспар ҚПЛ чемпионатын маусым айында қайта жалғастыруды қарастырады. Бұл мен іске асырғым келетін оптимистік болжам, бірақ бірнеше маңызды шарттардың орындалуын күту керек.
Сонымен қатар, екінші мүмкіндігіміз бар, маусымның қайта басталуы кейінірек болады. Біз халықаралық күнтізбемен де, клубтар арасындағы турнирлер мен Ұлттар лигасының матчтарының күндерін де және елде карантиндік шараларды кеңейтуге болатын түрлі сценарийлерге дайындалудамыз. Сондықтан, бүгін чемпионаттың қай күні жалғасатынын айту ерте.
Премьер-лига чемпионатының қайта басталу күнін және кейіннен күнтізбені жариялау үшін біз мемлекеттік органдардан ресми рұқсат алуымыз керек. Бұл, өз кезегінде, елдегі қолайлы эпидемиологиялық жағдай кезінде ғана берілуі мүмкін. Қазір Лига мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі арасында консультациялар өтіп жатыр, біз кәсіби футболды қайтару бойынша әзірленген жоспарларды келісіп жатырмыз. ҚКФЛ үшін жарыстарды ұйымдастырушы ретінде футболшылар мен клуб қызметкерлерінің қауіпсіздігі мен денсаулығы маңызды. Сондықтан Қазақстандағы төтенше жағдай режимін сақтау кезінде жоспардың шарттары түзетіледі.
Жаттығу процесіне келетін болсақ, Лига әкімшілігі клубтарға Президент жанындағы Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның көшеде жеке жаттығуға рұқсат беру шешімі туралы бұған дейін хабарлаған болатын. Топтық жаттығуларға келетін болсақ, сол шеңберде біз клубтарға қосымша түсініктеме алу үшін төтенше жағдайларға қарсы әрекет ету жөніндегі аймақтық жедел штабқа хабарласуды ұсындық. Ал жергілікті атқарушы органдардан рұқсат алған жағдайда, жаттығу процесін заңнамада белгіленген эпидемияға қарсы стандарттарды қатаң сақтай отырып жүргізу керек.
Сонымен қатар, Қазақстан Футбол Федерациясы мен Қазақстан Кәсіпқой Футбол Лигасы, FIFA мен УЕФА-дан бүгінге дейін алған құжаттарға, сондай-ақ басқа да еуропалық федерациялардың тәжірибесіне сүйене отырып, жаттығуларды қауіпсіз жағдайда жүргізу үшін ішкі ұсыныстар әзірлеп жатыр. Алдағы уақытта біз бұл ұсыныстарды клубтармен бөлісетін боламыз», - деді Абраев Prosports.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында.