Басқа

Спорт жарыстары қашан басталады? Ең жақын күн - 9 мамыр

Спорт жарыстары қашан басталады? Ең жақын күн - 9 мамыр
news-banner7
mobile-news-top

Футболдан жай күндері көпшілікке қызықсыз әлемдегі бірнеше чемпионаттарды есепке алмағанда, адамзат баласы спорт жарыстарынан қол үзіп қалды. Бірде-бір беделді турнир қашан спорт алаңына оралатыны жайлы нақты кесіп айтқан жоқ. Тек қана болжам, үміт. Prosports.kz әр спорттағы ең маңызды турнирлердің қашан басталатыны жайлы ақпараттарды теріп шықты.

Чемпиондар лигасы: 1/8 финалдағы кейінге қалдырылған қарымта матчтар 7-8 тамызға жоспарланған. Содан кейін УЕФА әр 3-4 күн сайын матч өткізіп отырмақ. Финал 29 тамыз күні өтеді. Сондай-ақ, ширек финалдан бастап командалар әдеттегідей үйде-түзде жүйесінде екі матч емес, бір ойын өткізеді.

Еуропа лигасы: Бұл турнирді өткізу жоспары да Чемпиондар лигасына ұқсас. «Севилья» – «Рома» және «Интер» – «Хетафе» арасындағы 1/8 финалдың алғашқы матчтары 2-3 тамыз өтеді. 6 тамызға барлық қарымта кездесулер жоспарланған. Ширек финалдар 10 және 13 тамызда, жартылай финал 17 және 20 тамызда, ал Гданьсктегі финал сол айдың 27-інде өтпек.

АПЛ: Телевизиядан бөлінген жүздеген миллион ақшаны жоғалтпас үшін Англияда осы маусымды толықтай аяқтауды мақсат тұтып отыр. Қалған тоғыз турды бес аптаға сыйдыру керек. Басталар күні - 8 маусым.

Ла Лига: Испания футбол федерациясы ағымдағы кестеге сәйкес маусымның аяқталуын талап етті, бірақ Ла Лига басшылары оған бағынбады. Бірақ кейін Хавьер Тебас (лига басшысы) мен Луис Рубиалес (федерация басшысы) 8 сағаттық келіссөздер жүргізіп, бір мәмлеге келіп, чемпионаттың қалған турларын ойнату керек деген нақты шешім шығарды.

Бундеслига: Футболдан топ-чемпионаттар ішінде ең ерте оралатын - Бундеслига. 9 мамыр күні біріншілік жалғасады деген ақпарат инсайдерлік емес, Германия футбол лигасының (DFL) директоры Кристиан Сейферттің сөзі. Германияда матчтар кезінде қауіпті азайту үшін нақты жоспар құрды: жаттығуға, гигиенаға, ойын күнін ұйымдастыруға қатысты. Стадионға көрермендер кіре алмағанымен, ойындар әдеттегідей тікелей эфирде таратылады.

Лига 1: Лига 1 клубтары қауымдастығының есептеулеріне сәйкес Франция чемпионатына қатысушылар айына 250 миллион еуро жоғалтады екен. Сондықтан басшылар қалай болмасын, чемпионатты 38 тур форматында аяқтауды жөнінде бас қатырып отыр.

Бірақ екі аптаға жуық уақыт өтті, жарыстың қайта жанданатыны жайлы ақпарат жоқ. Ллигада екі жоспар бар екені белгілі: 3 маусым - оптимистік сценарий, 17 - пессимистік жоспар, бәрі елдегі жағдайға байланысты болады.

Эредивизи: Голландияда 1 қыркүйекке дейін барлық қоғамдық іс-шараларға тыйым салынады (көрермендерсіз де), сондықтан бұл жерде ешандай амал жоқ. Футбол федерациясы маусымды ерте аяқтауға дайын. Онда «Аякс» - чемпион, ал Қазақстан құрамасының ойыншысы Александр Меркель намысын қорғайтын «Хераклес» сегізінші орынды қанағат тұтады.

Формула 1: белгісіз.

NHL: белгісіз.

Баскетбол: NBA жарысы да қашан оралатыны белгісіз. NBA Комиссары Адам Сильвердің сөзі: «Біз ешқандай шешім қабылдай алмаймыз, тіпті сол шешімді қашан қабылдауға қауқарлы болатынымыз да белгісіз»

Еуролига плей-офф кезеңін тек тұрақты маусымдарды аяқтағаннан кейін ғана ойнатқысы келеді. Елордалық «Астана» бақ сынайтын ВТБ Біріккен лигасы мерзімінен бұрын аяқталды. Жаңа маусым қазан айында басталады.

Теннис: Әу баста турнирлер 13 шілдеге дейін өткізілмейді деп хабарланды. Кейінірек 13 шілдеден кейінгі кейбір жарыстар да өтпейтін болды (мысалы, Монреальдағы әйелдер турнирі). Мұның бәрі жергілікті биліктің ірі іс-шараларға тыйым салуына байланысты.

Сонымен қатар, Германияда, Францияда, Ұлыбританияда, Майоркадағы Надальдың академиясында бейресми турнирлер өткізу жоспарланып отыр. Жарыстар көрерменсіз өтеді, бірақ трансляциялар, ставкалар болады, жүлде қоры белгіленеді.

MMA: MMAFighting.com порталына сенсек, UFC 249 турнирі Бундеслига секілді 9 мамыр күні көрермендерге жол тартады.

«Соғыс кедергі болған». Тарихта Олимпиада қанша рет және не үшін кейінге шегерілді

Спорт vs COVID-19

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер