Жұман Жұмабеков: Екі қошқардың басы бір қазанға сыймай жүр
Қазақстандық файтер Жұман Жұмабеков (11-4) қазақтың шоқтығы биік аралас жекпе-жек шеберлерінің бірі екені ақиқат. Нақты бір промоушнде ғана емес, Alash Pride, BraveFC, NFC, Fight Nights Global және М-1 сынды ұйымдардың бәрінде бақ сынап көрген сарбазбен тілдескен едік. MMA спортынан әлем чемпионатының жүлдегері, Азия, Қазақстан чемпионының Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.
- Жұман, стандартты сұрақ – карантин режиміне үйреніп қалған шығарсың?
- Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, үйде отырмыз. Ең абзал іс осы. Бос уақыт көп қазір.
- Бос уақытты қалай өткізесің?
- Кино көргенді жақсы көремін өзім. Әсіресе, шынайы оқиғаларға негізделген фильмдер ұнайды.
- Кітап оқыған ұнай ма, егер окысаң, соңғы кітабың қандай?
- Әрине, оқып тұрамыз. Соңғы оқығаным - Майк Тайсонның өмірбаяны туралы кітап. Спорттық мәнсабы, өмірдегі, кәсіпқой бокстағы жетістіктері жайлы баяндалған. Кітап қалың оқырманға арналған. Өте әсерлі екен. Оқуға кеңес беремін.
- Тайсон демекші, кәсіпқой рингке жарқ етіп бір шығып, көрінбей қалдың. Алда сені шаршы алаңнан көре аламыз ба?
- Алматыда өткен турнирдегі кездесуді меңзеп отырсыз ғой (2016 жылы Алматыда өткен бокс кешінде Беларусь боксшысы Владимир Ивановты 1-раундта нокаутпен жеңген болатын - автор). Сол кезде жақсы бір ұсыныс түсе қалған. Әйтпесе боксшы емеспін. Өзімді сынап көргім келді. Бокс жаныма жақын спорт деп айтуға болады. Боксшылармен де көп жаттығамын. Алда тиімді ұсыныстар түсіп жатса, неге бақ сынап көрмеске?! Демеуші азаматтар табылып, қолдау білдірсе болды.
- Спорттық бабыңды жоғалтып алмау үшін үйде жаттығып жүрген боларсың?
- Міндетті түрде! Үйде темір-терсек көтеріп, жақын жердегі спорт алаңқайына барып, турник, брусьяда жаттығып, жүгіріп келемін.
- Спаррингcіз қаншалықты қиын?
- Былайша жанымда көмек беріп жүрген жігіттер бар. Спарринг-әріптесім жоқ дей алмаймын. Алда ораза келе жатыр. Сол біткенше демалып, коронавирустан аман-есен өтіп алсақ, биыл жекпе-жектер көп болуға тиіс.
- Коронавирус індетіне дейін биылғы жылға жоспарың қандай болды?
- Соңғы жекпе-жегім қазақстандық NFC промоушны аясында өтті. Жарақатым жоқ, ары қарай жалғастырмақ ойым болған. Бірақ Алланың қалауымен коронавирус пайда болған соң, амалсыздан жаттығуды доғардық. Мақсат көп, соның бірі – NFC тұжырымы бойынша 61 келі салмақта белбеуге таласу.
- Октагонда кімдердің қарсылас болғанын қалайсың?
- Қарсылас таңдамаймын. Қай промоушнда болмасын, біреумен шығасың десе, бас тартқан емен.
- UFC ұйымындағы соңғы оқиғалар туралы не айтасың? Фергюсон - Нурмагомедов немесе Фергюсон - Гэтжи кездесулерінің қайсысы бірінші өтуі мүмкін? Қайсысы қызығырақ?
- Нурмагомедов пен Фергюсон арасындағы жекпе-жекті күллі жанкүйер күткелі қашан?! Тағы сол коронавирустың кесірінен бұл айқасты биыл көре аламыз ба, ол жағы беймәлім. Оның үстіне Хабиб ораза ұстайды. Оның 2-3 айсыз октагонға оралуы неғайбыл.
Мен де асыға күіп едім. Тамашалағым келді. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймай жүр ғой. Менің ойымша, Тони мен Дастин Гэтжи бірінші төбелесетін сияқты. Қай ұтқанымен Хабиб шығатын шығар.
- Жұман, рахмет! Жеңістерге жете бер!
- Көп рахмет!
Сұхбаттасқан Мадияр Қазыбек.