Азат Перуашев: Жұрттан қалмайық деп футболға миллиондарды шашып жатырмыз

Азат Перуашев: Жұрттан қалмайық деп футболға миллиондарды шашып жатырмыз

Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев Prosports.kz сайтына берген сұхбатында еліміздегі кәсіпқой спорттың қал-жағдайы туралы айтып берді.

- Сіз әкімдердің бюджет есебінен кәсіпқой спортты қаржыландыруын доғаруды ұсындыңыз. Бұған не себеп болды?

- Кәсіпқой спорт, оның ішінде футбол - бизнес. Әлемде кәсіпқой спорт демеушілерден қаржы алып, трансляция сатып, жарнамадан табыс табады. Бізде футболшылар мемлекеттің асырауында отыр. Халық салығынан барлық спортты қаржыландыруға бөлінетін ақшаның 60-80 пайызы Роналду секілді жалақы алғысы келетін футболшыларға кетеді. 

Роналду секілді айлық алғысы келсе, балалар спортының нанын жемей, бәсекелестікте, нарықта ойнауы қажет. Жақында БАҚ хабарлағандай, бір футболшыны құны - 1,5 - 5 миллион еуро аралығында. Бұл 10-20 балалар спорт мектебінің қаржысы! Демек футболшыларды асырау арқылы жүздеген баланы спортпен шұғылдану мүмкіндігінен айырып отырмыз. Бұл дұрыс па?

Миллиондаған адамдар секілді мен де футболды бағалаймын. «Селтик», «Манчестер Юнайтед» секілді футбол әлемінің алпауыттарын елімізге әкелген клубтарымызға алғысымды айтамын. Футбол - балалар да, студенттер де, бизнесмендер де, тіпті, үйде отырған қарындас-әпкелеріміздің көретін спорт түрі. Бірақ мемлекеттің бірінші кезекте жекелей алған футболшылардың қалтасын қалыңдатпай, балалар спортын қаржыландырып, стадиондарды жөндеп, спорт залдарын ашып, инфрақұрылымды дамытуы қажет!

- Мемлекет кәсіпқой футболды қаржыландырмаса, клубтарымыз бірінен соң бірі жабылатыны анық. Қазақстан Премьер-лигасында бір ғана клуб жекеменшік, қалғандарының бәрі бюджет есебінен қаржыландырылады.

- Ересек жігіттерге мемлекеттің не үшін ақша беруі керек? Үкіметтің халық денсаулығын жақсартатын бұқаралық спортты қолға алуы қажет. Кәсіпқойлар өз бетімен күн көрсін.

Бюджеттің қаржысынсыз бірқатар клуб жабылады. Дегенмен еліміздің барлық өңірінде балаларға тегін секциялар мен спортзалдары ашылады. Бұл маңыздырақ екені сөзсіз.

Алты жыл бұрын Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев қосымша спорттық секцияларды жүргізетін дене шынықту пәні мұғалімдерінің жалақысын өсіруді тапсырған. Өйткені спортқа алғашқы қадам мектепте басталады. Бірақ парламентте бұл бастаманы бюджетке өткізуді талқылағанымен биліктің бұған ақшасы жетпей тұрды. Ал бұл уақытта футбол клубтарына миллиардтаған қаржы оңай кетіп жатты.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды алайықшы. Олар үшін спортпен шұғылдану – қоғаммен араласудың жалғыз жолы істпеттес. Бүгінгі таңда оларға бірнеше бизнесмен ғана қаржы бөліп отыр, ал мемлекеттің бұған берер «ақшасы жоқ». Нәтижесінде өткен Параалимпиада ойындарында Қазақстан екі ғана жүлдені жеңіп алды. Көрші Өзбекстан болса, жалпы саны 30 медальді еншісіне жазды. Бұған қарап, өзбек билігі мүмкіндігі шектеулі жандарға көңіл бөлетінін, ал бізде оларға екінші «сорттағы» адам сияқты қарайтынын түсінуге болады. 

- Футболдың қоғамдағы маңызын түсінетін боларсыз. Футболсыз халыққа қиын болар еді. Бар әлемде футболшылар – жақсы табыс табатын құрметті адамдар.

- Онда кәсіпқой клубтарды мемлекет асырамай, демеушілер мен жарнама берушілерді қызықтыратын деңгейге дейін дамытайық. Бұл клубтарда өзінің ойыны және нәтижесімен миллиондаған жалақы алатын футболшылар ойнасын. Сонда ғана бүкіл ел қуанып, оларды мақтан тұтады. 

Әрине, бұл үшін бизнесті де дамыту керек. Мысалы, Қытайда футболды дамытуға ақша құйған бизнесмендерді пайда салығынан босатады екен. Осы мысалды зерттеуді қолға алайық.

«Астана» клубы мен «Барыстың» матчтарына барып тұрамын. Қол тигенде, өзім де доп теуіп тұруды ұнатамын. Бизнесмендер қаржыландыратын клубтарда тәртіп пен нәтиже болады. Ал нәтижеге қарамай бюджеттен ақша алатындар жауапкершілікті сезінбейді.

- Мұнымен келіспеуге шара жоқ. «Ақтөбеде» Әзербайжаннан келген футболшыға жалақысының 50%-ын беріп отыруды талап етті деген қауесетті естідіңіз бе?

- Әлбетте естідім. Әрине, ақша сұрап тұрған жерінен ешкімді ұстап алмадым, дегенмен бұл оқиғада футболшыға көбірек сенемін. Оның үстіне бұл біздің футболдағы осыған ұқсас алғашқы жағдай емес. 

- Демек мемлекеттің ақшасы футболға залалын тиігізіп жатқаны ма?

- Мемлекет қаржысы табыс түсірудің орнына, әділ бәсекелестікті өлтіріп, футболмен қоса алғанда барлық саланы бұзады. 

- Енді қайтпек керек? Әлде нақты ұсынысыңыз бар ма?

- Кәсіпқой спортты мемлекет есебінен қаржыландыруды доғару қажет. Мемлекеттің балалар және бұқаралық спортқа көңіл бөлуі керек. Тіпті, Олимпиадалық спорт түрлері де мемлекет емес, Ұлттық Олимпиада комитеті мен федерациялардың мойнында болуы шарт. 

Кәсіпқой спортқа бөлініп жатқан миллиардтаған қаржы – жұрттан қалмайық деп ойлаудан шықты. Норвегияға қараңызшы, мұнайы көп бай мемлекет. Бірақ футболда олар үлкен нәтижеге жетуге тырыспайды. Бұған, тіпті, басын ауыртпайды. Олар жұлдыздарды шақырып, мұнайдың ақшасына футбол клубтарын асырамайды.

Норвегия ұлттың денсаулығына әсер ететін шаңғы тебу секілді спорт түрлерін дамытуды қолға алған. Олар шаңғы тебу мен биатлоннан әлемде көш бастап тұр. Өйткені олар жас баладан қартқа дейін шұғылданатын бұқаралық спортты дамытып жатыр.

Біздің мемлекетке де ондаған футбол клубына қыруар қаржы бөлудің орнына, ұлт денсаулығына әсер ететін, ауылдағы әрбір мектеп оқушысына қолжетімді спортты дамыту керек.

- Онда неге депуттар өзінен бастамайды. Тым болмағанда жалақысын азайтпайды дегенім ғой.

- Мемлекеттен 5 миллион еуро жалақы алатын мемлекеттік қызметкер не депутатты айта аласыз ба? Тым болмағанда 20-30 мың доллар жалақысы барларды көрсет аласыз ба? Егер жемқорлар жайлы айтып тұрсаңыз, олардың жалақысын емес, өздерін ұстап, түрмеге тоғыту керек. 

Біз футболшылардың айлығын емес, мемлекеттің балалар және бұқаралық спортқа көңіл бөлгенін ұсынып отырмыз. Спорттағы атқамінерлер бюджет бөлген қаржының бәрі кәсіпқой футболға кетіп жатқанын айтқанда, салық төлеушілердің ақшасының бұған не қатысы бар деген заңды сұрақ туады. 

Егер клуб өзі тапқан қаржысын футболшыларына миллиондаған жалақы төлейтін болса, оларға қошеметтеп, көмектесуге шақыратын едім. Ал депутаттардың жалақысына келер болсақ, оны мүлдем алып тастауға да болады. Бірақ Швейцария не Сингапурдағыдай мемлекеттегі жұмысынан бөлек бизнеспен айналысуға рұқсат беру керек.

Сұхбаттасқан: Владимир Жарков

Аударған: Айбар Рысдәулет 

Фото: Informburo.kz

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или