Жеңіл атлетика

Нариман Курбанов: Өткен маусымдағы сәтсіздіктер үлкен сабақ болды

news-banner7
mobile-news-top

20-24 ақпан аралығында Австралияның Мельбурн қаласында спорттық гимнастикадан жаңа маусымдағы алғашқы лицензиялық турнир басталады. Мельбурнде өтетін әлем кубогі кезеңінде тек қана алтын жүлдегер атанған спортшыларға Токио Олимпиадасының лицензиясы берілмек. Жалғыз жолдамаға әлемнің бірнеше мемлекетінен спортшылар таласады. Олардың арасында қазақстандық Нариман Курбанов та бар. Olympic.kz сайтына сұхбат берген Нариман кубоктік кезеңдерге дайындығы туралы баяндап, Олимпиада жолдамасын иелену мүмкіндігіне де тоқталды.

«Өткен маусым мен үшін сәтсіз аяқталды. Әлем чемпионатында да, кубоктік кезеңдерде де көзге түсе алмадым. Тек қана Универсиада ойындарының күмісін еншіледім. Көптеген сәтсіздіктерді есепке ала отырып, жаттығу бағдарламады өзгертемін деп шештім. Дайындық кезеңіндегі өзгеріс маған ұнады. Көңілімнен шығады. Енді үш аптадан соң басталатын Австралиядағы додаға тиянақты жаттығудамын. Қазіргі спорттық бабым өзіме ұнайды», - дейді ол.

Нариман Курбанов гимнастикалық ат снарядында бақ сынайды. Ол осы жаттығу бойынша әлем кубогі кезеңдерінде жүлдегер атанып, әлем чемпионатында бестікке енген. Нариманның ендігі мақсаты – алдағы маңызды турнирлерді абыроймен аяқтау.

«Токио Олимпиадасына жолдама тарататын үш ірі жарыс қалды. Яғни, Австралия, Катар және Әзірбайжанда өтетін әлем кубогі кезеңдерінде мен бар күшімді саламын. Осы үш додадан соң Токио Олимпиадасына кімдердің қатысатыны толық анықталады. Өзімнің лицензия алатын мүмкіндігім туралы айтар болсам... Спорттық гимнастикадағы ережелер аздап қиындау. Тек өзім үшін ғана жауап бере аламын. Мүмкіндік қашан да бар деп үнемі айтатын едім. Осы жолы мүмкіндік туралы да, қарсыластар туралы да ойламаймын. Бар болғаны соңғы айлардағы еңбегімнің нәтижесін көрсеткім келеді. Әрі қарай төртжылдық додасына кімдер баратынын төрешілер шешеді», - дейді гимнаст.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер