«Барыстың» экс-хоккейшісі АҚШ-та мэр сайлауына түспек
Елордалық «Барыс» тарихындағы үздік сұрмергендердің бірі әрі экс-капитаны Брэндон Боченски АҚШ-тағы Гранд-Форкс қаласының мэрі болу үшін кандидатурасын ұсынды, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.
«Гранд-Форкске 2001 жылы ғашық болдым, сол кезде Солтүстік Дакота университетінің командасы сапында ойнауға келгенмін. 19 жылдан кейін де махаббатым баяғыдай. Арманымды орындаған қала үшін жұмыс істегім келеді. Гранд-Форкске жаңа өмір мен тың энергия алып келетін уақыт жетті. Гранд-Форксті жақсы көремін және қоғам үшін жұмыс істегім келеді», - деп жазды Боченски.
Брэндон Боченски «Барыс» сапына 2010/2011 жылғы маусымда ауысқан болатын. 7 маусымда ҚХЛ-дың 399 матчына қатысып, 397 (160+237) ұпай жинаған.
Ал 2015 жылдан бері ол Қазақстан құрамасында ойнап, капитан болған. Ұлттық командада 15 матч өткізіп, 12 (5+7) ұпай еншілеген.
2019 жылы жазда хоккейші карьерасын аяқтап, Гранд-Форкс қаласына көшкен болатын.
Брэндон Боченскидің сайлау алдындағы кампаниясы 31 қаңтарда басталады.