Бақдос «Жауынгер» Олжабай: ММА жеңіл ақша табатын спорт емес

Бақдос «Жауынгер» Олжабай: ММА жеңіл ақша табатын спорт емес

Prosports.kz тілшісі «Жауынгер» лақап атымен танымал Бақдос Олжабаймен тілдесіп қайтқан еді. Назарларыңызға сол сұхбатты ұсынып отырмыз.

- Бақдос, қазіргі жастар неге ММА спортына құмар? Бұл жеңіл ақша табудың жолы емес пе?

- Жоқ, әрине. Мұның артында шүмектеп аққан тер мен жаныңды жеген жаттығулар жатыр. Жеңіл ақша қайда келсін?!

- Жеңілген спортшы да қомақты сыйақысын алып жатады ғой?..

- Ол сырт көзге солай, алайда сондай дәрежеге алдымен жетіп алу керек.

- Өзің аралас жекпе-жекке қалай келдің? Бушидоға, күреске қатысқаныңды білеміз...

- Ержан деген ағам бар, ағайындылардың балаларымыз. Сол кісі алып келді. Қазір бұл спортқа деген құмарлығым күннен күнге артып барады.

- Лақап атыңды неге «жауынгер» деп қойдың?

- Біздің спортта да жауынгер болуың керек. Жеңілсең қайыспай, жеңсең қасқайып алға жүруің керек. Осы бір атау жаныма жақын. Бәлкім табиғатымнан жауынгер болып туғанмын десем артық айтпаған болар едім.

- ММА спортында жүрен қазақ файтерлерінің қайсысы мықты сеніңше? Кімді ұстаз деп үлгі тұтасың?

- Қос Арман, Әшімов пен Оспановты ерекше көремін. Нағыз мықтылар екені даусыз. Жүрген жерлерінде патриоттықтың жарқын үлгісін көрсетіп жүреді. Шынымды айтайын, Армандарға қызыға қараймын. Ал аралас жекпе-жекке алғаш келгенде Ардақ Назаров ағам «Әй, Бақдос, сенің алар асуың әлі алда. Менің сөзімді жазып ал, кейін еске алып отырасың. Сенен мықты жекпе-жек шебері шығады» деп өмірлік мотивация берген еді. Ол кісіге мың алғыс айтамын.

- Жалпы саған қай промоушн ұнайды?

- Fight Nights Global, ACA, GFC тұжырымдары ұнайды. Үшеуінде де сайдың тасындай жігіттер жиналған. Менің ғана емес, осы спортта жүрген көптеген спортшылардың арманы шығар деп ойлаймын. Алдағы уақытта осындай ұйымдардың деңгейіне көтерілу үшін  бар күшімді салуым керек.

  • Қандай турнир есіңде қалды?
  • - Қытайда бір үлкен турнир өтіп, біз қатардағы жарыстардың бірі деп барғанбыз. «Бақсам, бақа екен» демекші, Бейжіңдегі бұл турнир өте ауқымды екен. Абырой болғанда төрт жекпе-жегімнің үшеуін жеңіп, ақтық сында ғана қарсыласқа жол берген жайым бар. Айтпағым, Қытайдағы қандастар өте бауырмал келеді екен. Барғаннан бауыр санап күтіп алып, аяқ-қолымызды жерге тигізбей  шығарып салды. Қонақжайлылықтарына тәнті болдым.
  • - Бақдос, жалпы спортта қандай жетістіктерге жеттің?
  • 2019 жыл сәтті болды. Ережесіз жекпе-жектен «Спорт шебері» атағын алдым. Әлемнің вице-чемпионы болдым және бушидодан Қазақстан Гран-приі турнирінде «Кештің үздік самбишні» атағы маған берілді.
  • - Жақында Ақтау қаласында NFC 22 турнирі өтеді. Қарсыласың қырғыз жігіті, қателеспесем...
  • - Дұрыс айтасыз. Айжігіт Еркебайуулы деген қарсыласымды мұқият зерттеп жүрмін. Жетістігі біршама, айтар сөзі бар спортшы екен. Кімнің ойдағыдай дайындалғанын турнир барысында білеміз. Қазір бар ойым осы жекпе-жекте. Алматыда ALFA (Almaty Fight Academy) залында жаттығып жатырмыз. Алғысым шексіз. Бар жағдайды жасап отыр. Сондай-ақ Underdog спорт агенттігіне де рахметімді айтқым келеді.
  • - Бақдос, сұхбатыңа рахмет!

        

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или