Аян Тұрсын: Бахрейнге өз алтынымды алуға бара жатырмын
10-16 қараша аралығында Бахрейнде аралас жекпе-жектен (ММА) әлем чемпионаты өтеді. Чемпионатқа әлемнің 50 елінен 500-ге жуық спортшысы және Қазақстан құрамасымен 48 споршы барады, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.
Құрамадағы спортшылар арасындағы алтыннан үміттісі - Аян Тұрсын. 23 жастағы Аян әлемдегі жеңіл салмақтағы (бойы Аян Тұрсын – 158 см, салмағы – 45 кг) спортшылар арасында ең үздік саналады. Ол таэквондо, ушу-саньда, жекпе-жек және джиу-джитсу өнерін жетік меңгерген.
- Аян, Бахрейндегі чемпионаттан не күтесіз?
- Мен бұл чемпионатты екі жыл күттім. Әр түні ұйықтар алдында «Сен 2017 жылы жол берген қателіктеріңді осы жолы түзеуге тиіссің! – деген оймен ғана көз іліп жүрдім. Сол кезде жаттықтырушым (ММА бойынша ҚР әйелдер командасының жетекшісі Нұрлан Мамыралиев,- ред) «Сен өз алтыныңды алып, басқа біреуге сыйлап жібердің ғой» - деп қатты ұрысқан болатын. Иә, мен ол кезде өз қатемнен жеңілген едім. Бұл жолы жіберген қателігімді түзеткім келеді. Бұл жолы маған үлкен үміт артылып, менен тек қана алтын күтіліп отырғандарын білемін. Бұл үміт мен үшін үлкен жауапкершілік. Аллаға шүкір, бұл жолғы дайындығым екі жыл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жоғары. Жақсы формадамын. Бұл жолғы Әлем чемпионатында алтынымды қайтарып алып келемін. Бойыма міндеттелген ел абырайын сақтауға соңына дейін бар күшімді салып күресетін боламын.
- Бұл жолғы қарсыластарыңыздың қайсысын қауіпті деп санайсыз?
- Әлем чемпионатында әлсіз қарсыластар жоқ. Әлемнің ең мықты деген спортшылары қатысатындықтан барлық қарсыластарым оңай болмайтынын білемін. Барлығы да өз елдерінің бірнеше дүркін чемпиондары екені белгілі. Онда Еуропа, Америка, Азия чемпиондары, әлем жүлдегерлері бар. Мен барлығымен жекпе-жек өткізуге дайынмын. Дайындық барысында швед елінен келетін спортшымен көршіміз ресейлік спортшыларға қатты көңіл аудардым. Өйткені өткен чемпионатта мен швед елінің спортшысынан ұтылғанмын. Ал Ресейлік спортшылар кез-келген спорт түрінде - біздің басты бәсекелесіміз екені айтпасам да белгілі.
- Аян, сіз жастығыңызға қарамастан қуаныштың да, қайғының да дәмін татып үлгердіңіз. Ерте жастан әкеден айырылып өмірдің ащы дәмін таттыңыз. Өмір сізге не үйретті? Сіздің өмірлік ұстанымыңыз қандай?
- Өмір-бұл күрес. Егер сенің өміріңе қиын сәттер келсе, және сен сол қиындықтарға мойымай төзе білсең Аллаһ сені міндетті түрде жақсы нәрсемен марапаттайды. Егер сен бір нәрсеге ұмтылып, сол нәрсеге жету жолында талмай еңбектенсең Аллаһ саған көмектеседі. Мен бұған сенемін және оған әр жолы көз жеткіземін. Бір күні анам маған Әлем чемпионының анасы болуды армандайтынын айтты. Мен үшін бұл ең үлкен мотивация болды. Адам өзін дамыту жолында жұмыс істеп жатса, ол тірі, ал егер бұл қабілет жоғалса, онда ол жай ғана бар.
- Сіз бапкеріңіз Нұрлан Мамыралиевті «Екінші әкем» деп атайсыз. Олай айтатындай ол сізге не үйретті? Қиындықты қалай жеңесіз?
- Менің жаттықтырушым тек спорт жағынан, жаттықтыру жағынан ғана емес, өмірде қиын кезде де , қуанышты сәттерде де қасымнан табылаатын жанашырым. Ол кісі мен үшін ненің жақсы, ненің жаман екенін нұсқап отыратын ақылшым. Кез-келген сәтте барлық сырымды ақтарар сырласым. Алғаш жаттығуға келіп жүрген кездерде менің жаттығуға келіп жүрген кездерімде кей-кездері жолыма ақшам болмай жаяу келетін кездер болған. Сондай кездерде өз қалтасынан ақша шығарып маған беретін. Кей-кездері қалтасындағы ақшасын алып екіге бөліп көп бөлігін маған беріп өзі жаяу қайтқан кездері де болған. Ол жаттығу барысында қатал болғанымен өмірде ең мейірімді адам. Мені жамандыққа жақсылықпен жауап беруге үйреткен адам.
- Жекпе-жек алдында өзіңізді немен сабырға шақырасыз? Медитация, дұға, әлде басқа нәрсе?
- Мен ең алдымен Алла Тағаланың қолдауын сұраймын. Жекпе-жек алдында көп сөйлегенді ұнатпаймын, тыныш қана патриоттық музыка тыңдап отырған ұнайды.
- Сіз жігіттермен спарринг жасауға қарсы емессіз дейді. Егер бұл рас болса, неге?
- Иә, бұл шындық. Мен бала кезімнен жігіттермен төбелестім. Неге екенін білмеймін. Қыздармен төбелес кезінде оларға әрдайым жаным ашып тұрады. Себебі, қыздар өте нәзік келеді ғой. Таэквондомен айналысып жүрген кезде де, қыздар арасындағы жарыстағы бірінші қарсыласымның мені ұрғанын күтетінмін. Ол бірінші бастағанда барып өзім іске кірісетінмін. ММА де солай. Ал жігіттермен жекпе-жек өткізген бөлек. Сен оларды қатты ұрып қоямын, бір жерін зақымдап қоямын деген қорқыныш болмай шын жүрегіңмен, бар күшіңді салып шайқасасын. Оларда саған солай жауап қайтарады. Негізі жігіттермен жаттыққан жақсы. Себебі, кейін қыздармен жекпе-жек өткізгенде әлдеқайда жеңіл өтеді.
- Күн тәртібіңізбен, тамақтану тәртібіңіз туралы айтып беріңізші.
- Күн тәртібім қарапайым. Таңертең тұрамын, таңғы ас ішемін, жаттығуға барамын. Жаттығудан кейін үйге барамын, түскі ас ішіп алып демаламын. Содан кейін-кешкі жаттығу, жаттығудан кейін-ұйықтау. Міне, менің күн тәртібім осындай. Тамақ таңдамаймын, ең бастысы, ет көп болса болғаны. Ал салмақ түсіруді бастағанда, рационнан ұн мен тәтті тағамдарды алып тастаймын.