Асу Алмабаев: UFC-дің сарбазы болғым келеді
Күні кеше ғана Нұр-Сұлтан қаласында өткен М-1 Global турнирінде аса жеңіл салмақта канадалық Крис Келадесті төрешілер шешімімен ұтып, аталмыш тұжырымның уақытша чемпионы атанған Асу Алмабаев Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында кездесу жайлы пікірін айтты.
- Асу, жеңіс құтты болсын! Кеш болса да құттықтап қояйық. Жалпы, Келадес қандай қарсылас екен?
- Көп рақмет! Крис Келадес - сақа спортшы, себебі UFC тұжырымында 4 жекпе-жекке шыққан. Bellator ұйымында да кездесулер өткізген. Көпті көрген. Бұрынғы қарсыластарыммен салыстырғанда Келадесті ең мықты деп айта аламын.
- Несімен мықты? Нақты айта кетіңізші…
- Грэпплинг мәнері жоғары деңгейде. Тәжірибесі мол екенін айта кетуге болады. Физикалық тұрғыда аса төзімді, соған көзім жетті.
- Уақытша чемпион атандың. Енді негізгі атаққа қашан таласасың?
- Алланың қалауымен осы атаққа да қол жеткіздік. Енді негізгі чемпиондықтың да ауылы алыс емес. Александр Доскальчук негізгі титул иесі болса да, бір жылдай болды, әлі ешкіммен кездескен жоқ. Ол осылай жүре берсе, ұйым оның белбеуін тартып алуы мүмкін. Қорғайтын болса, 2020 жылы қаңтарда белгілі болып қалар.-
- Алдын ала белгілі қарсылас жоқ?
- Жоқ. Жекпе-жекке шыққаным күні кеше ғана. Әлі ештеңе белгісіз.
- Стандартты сұрақ қояйын, алда қандай жоспар бар?
- Жоспар - тынбай еңбек ету. Қатемен жұмыс істеу. Алдыңғы жекпе-жек барысында жіберген кемшілікерді сараптап, талдайтын боламыз.
- Басқа тұжырымға ауысу ойда бар ма?
- Ол үшін көп нәрсе керек. М-1 ұйымымен жасасқан келісімшарттың әртүрлі талаптары бар. Ал маған бәрі ұнайды. Бір қалыпты дамып келе жатқан, ешқандай қаржылық қиындыққа ұшырамаған ұйымнан кететін болсам, тек ММА спортының бір пұшпағын илеп жүрген кез келген спортшының арманына айналған UFC-дің сарбазы болғым келеді. Оны да ойластырып жүрмін.
- Асу, сұхбат барысында Доскальчукті айтып қалдың. Арман Әшімов те онымен төбелескісі келеді. Қарымта қайтару ойында бар. Егер украиналық спортшы белбеуден бас тартқан немесе айырылған жағдайда Арман екеуіңнің октагонда жолдарың түйісе ме?
- Әбден жауыр болған тақырыпты қайта қозғадыңыз. Екеуміз ешқашан кездеспейміз. Темір үшін қос қазақ бірін-бірі соққылап жатса, дұрыс болмайды деп ойлаймыз.
- Бұл спорт қой...
- Сонда да! Негізгі үміткер менмін. Доскальчукпен шығатын құқық маған берілген. Ол болмаса, 57 келіде адам көп қой, басқамен шыға берерміз.
- Айтпақшы, есіміңіз Асу ма, әлде Ассу ма? Әркім әрқалай жазып жүр...
-Қайбір жылы төлқұжатымды ауыстырғанда жауапты қызметкерлер қате жазып қойыпты. Негізі, Асу деген дұрыс. Қазақтың «асу», белес деген мағына беретін сөзі ғой.