Мәдениет және спорт министрі Головкинді жеңісімен құттықтады
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова біріншілердің қатарында болып Геннадий Головкинді жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.
«Құрметті Геннадий! Осы жекпе-жекті асыға күткен барша жанкүйерлердің және жеке өзімнің атымнан кəсіпқой шаршы алаң төріндегі жеңісіңізбен құттықтаймын.
Украиналық Сергей Деревянченкомен өткен кездесуде жеңіске деген құлшынысқа толы мұқалмас қажыр-қайратыңыз, кәсіби шеберлігін сақтаған спортшы екеніңізді көрсеттіңіз.
Бүгінгі талассыз жеңісіңізбен Қазақ елі əлемдік бокс алпауыттары лидерлерінің бірі екенін тағы да дəлелдей түстіңіз. Сіздің жарқын жеңістеріңіз жас спортшыларға үлгі. Бұл еліміздегі бокстың дамуына, жастарды ұлы жеңістерге ынталандыруға үлкен алғышарт.
Туған елдің туын жеңісімен желбіреткен азамат ретінде ризашылығымды жеткізе отырып, алдағы уақытта да елімізді қуанта беретініңізге шын ниетпен сенім білдіремін»,- делінген құттықтауда.
Айта кетейік, Геннадий Головкин украиналық Сергей Деревянченко жұдырықтасып, жерлесіміз төрешілер шешімімен жеңіске жетті.