ММА

UFC 242: Нурмагомедов — Порье жекпе-жегі жайлы

UFC 242: Нурмагомедов — Порье жекпе-жегі жайлы
news-banner7
mobile-news-top

7 қыркүйек түн ауа Абу-Дабидегі The Arena кешенінде UFC 242 турнирі өтеді, деп жазады Prosports.kz.

Бұл кештік басты жекпе-жегінде жеңіл салмақтағы чемпион Хабиб Нурмагомедов Дастин Порьемен жұдырықтасады.

UFC 242: Нурмагомедов — Порье жекпе-жегінің тікелей трансляциясы

Өткен жылдың қазан айында жеңіл салмақтағы (70 келі) Хабиб Нурмагомедов екі салмақ дәрежесінде бұрынғы чемпион Конор МакГрегорды жеңді. Осы жеңісінен кейін ғана ресейлік файтер UFC-дің нағыз жұлдызына айналды. Ал оған дейін америкалық промоушнның назарын аудара алмаған еді. Кәсіпқой мансабында өз салмағының сөзсіз үздігі деп бағаланған болса да, Хабиб бұны өткен жылы ғана анық дәлелдей алды. Лас-Вегастағы (Невада) T-Mobile аренада Нурмагомедов ирландиялық ММА жұлдызын айқын жеңіп, өз атын әлемге әйгілі етті. Алайда жекпе-жектен кейінгі тәртіпсіздігі үшін тоғыз айға октагоннан шеттетіліп, 500 мың доллар айыппұл төлеуге мәжбүр болды.

Биыл сәуір айында өткен UFC 236 турниріндегі жартылай жеңіл салмақта (66 келі) Макс Холлоуэй мен Дастин Порье жекпе-жегі жылдың үздік кездесулерінің бірі болды. Холлоуэй Дастиннен осыдан жеті жыл бұрын жеңілген болатын. Алайда гавайиялық спортшы екінші кездесуінде есе қайтара алмады. Бұл жолы да Порье мықтылығын дәлеледі. Максті жеңген Порье мансабындағы ең көп табыс әкелетін жекпе-жек - Хабиб Нурмагомедовпен кездесу мүмкіндігіне ие болды.

Бұл жекпе-жек кешінің өтетін орны туралы компанияның президенті Дана Уайт ұсақ-түйекке дейін байыппен есептеді. Араб әлемінің Нурмагомедовке деген құрметін ескере отырып, кешті осы аймақта өткізуге бел буды. Жыл басында-ақ Абу-Даби өкілдерімен келіссөз жүргізе бастады. Әрі Хабибтің арқасында компания алдағы бес жылдыққа негізделген үлкен нарыққа қол жеткізе алады. Қала әмірі мен БАӘ президенті бұл турнирді өткізуге қуана келісім берді. Тіпті осы үшін Яс аралындағы «Формулы-1» тас жолының жанынан жаңа арена тұрғызды.

25 000 адамға арналған бұл арена осы аймақта ММА спортын дамыту үшін керемет мүмкіндік болмақ. Компания соңғы рет 2014 жылдың сәуірінде Абу-Дабиде турнир өткізіп, бар-жоғы 7 мың билет сатқан болатын. Бірақ бұл жолы басқаша болды - билет сатылымға шыққан соң бірнеше минут ішінде көрермендер 25 мың билетті толық сатып алды. Бұл жекпе-жек кешінің зор аңыс тудырғаны соншалық, оған әртүрлі елдердің президенттері, сонымен қатар бірінші дәрежелі жұлдыздар келмек. Нурмагомедовтың мансабындағы ұзақ үзіліс бұл турнирге деген қызығушылықты арттырып отыр.

Хабиб бұған дейін өткізген 27 жекпе-жегінің барлығында жеңіске жеткен. Ал Луизиана штатындағы Лафайетт қаласынан шыққан 30 жастағы Порьенің мансабы мұндай мінсіз емес. Жеңілістер бар. Бірақ бұған қарап оны әлсіз файтер деуге келмейді. Оның теке-тіресте мықты екені сөзсіз. Порьенің қауіпті қарсылас екенін ресейлік спортшының өзі мойындап отыр. Хабиб алдағы жекпе-жектің мансабындағы ең қиын кездесу болатынын айтады.

«Қарсыласымның соңғы кездесулерін қарап отырып, мені мансабымдағы ең қиын сынақ күтіп тұрғанын түсіндім. Мен әрқашан да жекпе-жекке осындай көзқараспен шығамын. Мен тіпті Даррелл Хорчермен жұдырықтасқанда да, оны ең мықты қарсыласым деп санағанмын. Мен ешкімді бағаламай қателескім келмейді. Көбісі Порьенің шеберлігін бағаламайды. Бірақ іс жүзінде ол өте мықты. Сондықтан мен Порье мен үшін мықты қарсылас деп есептеймін. Алайда мен бәріне дайынмын. Соңғы жүз күнде осы шайқасқа барынша дайындалып, шыңдалдым. Менің бар назарым Дастин Порье мен UFC 242 турнирінде», - дейді Нурмагомедов.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер