Арман Әшімов: Әйелім тоқал алуыма қарсы емес
Қазақстандық файтер Арман Әшімов жақында ғана Орынборда өткен М-1 Challenge 104 турнирінде бразилиялық Флавио Да Сильва Сантосты төрешілер шешімімен жеңген болатын. Қарсыласының көбін нокаутпен жеңіп, жанкүйерлеріне әсерлі жекпе-жек ұсынып жүрген «Мұстафа Өзтүрікпен» жүздесудің жолы түскен. Қазақстандық файтер кәсіби карьерасымен қатар, елдегі өзекті мәселелер жайлы сөз қозғады.
Prosports.kz тілшісі Арманның бүкпесіз, ашық әңгімесін назарларыңызға ұсынады.
- Арман, қайырлы күн! Жеңіс құтты болсын!
- Көп рақмет! Елге келіп, жеңісіме тілеулес болған жұртпен жүздесіп жатырмын.
- Жекпе-жегіңді тамашаладық. Флавио Да Сильва Сантоспен кездесуің қаншалықты оңай немесе қиын болды?
- Қазақтың көк байрағын көтеріп барған соң, оны абыроймен көтеріп алып келу – аманаттың үлкені. Қиындау болды. Себебін айтайын, бразилиялық файтер менімен өтетін жекпе-жекке ерекше дайындалып келген екен. Неге дейсіз ғой, бұрын Алматыда менімен төбелескен Каик Аленкар екеуі бір жерде жаттығады, екеуі әріптестер екен. Аленкар оған менің әлсіз әрі мықты тұстарымды жеткізген сияқты.
- Дегенмен сен жеңіске жеттің, бірақ халықтың көкейінде «Арман Сантосты неге нокаутпен жеңе алмады» деген сұрақ қалып қойды.
- Негізі, маған да кез келген жекпе-жекті уақытынан ерте аяқтаған ұнайды, алайда тағы да қайталап айтайын, Да Сильва жақсы дайындықпен келген тегеурінді қарсылас болып шықты.
- Орынбор бір кездері қазақтың астанасы болды. Қазақтар қазір де көп. Жергілікті халықтың қолдауы қалай болды? Қалай қарсы алды дегендей...
- Өзімді Ресейде емес, Қазақстанда жүргендей сезіндім. Залдан «Арман, алға, ұр, ұр» деген дауыстарды естігенде жігерленеді екенсің. Әрі Алаштың алғашқы астанасында жекпе-жек өткізу деген бір ғанибет түсінген адамға. Жеңістен кейін сөз сөйлесем, міндетті түрде Орынбордың біздің бас қаламыз болғанын айтып, Қазақстан халқын Конституция күнімен құттықтайын деп ойлағанмын. Эмоцияға беріліп тұрып, әрі шаршағаным да бар, ұмытып кетіппін. Оның үстіне біраз қобалжыдым, қалай дегенмен де артыңа қарайлайсың. Қазақтың намысы, сенім артып отырған ағалар, мерекемен тұспа-тұс келіп тұр – мұның бәрі жүйкеге қосымша жүк болды. Абырой болғанда барымды салып жеңдім.
- Көп дайындала алмаған сияқты көріндің...
- Дұрыс айтасыз. 23 күн ғана жаттықтым. Оның да себебі бар.
- Қорғанысың мығым болғанымен, Флавио бірнеше соққы жұмсап жіберді ғой...
- Иә. Оны да бағалау керек. Анау бір сәтте айналып та тепті ғой, сол соққыны кеш байқап қалдым. Мұрным сынып, қанап кетті. Жұмысымыз осы болған соң мұрын сынып, қабақ жарылып, көз көгеріп жатады.
- «Қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде» деп кеткен бабалардың ұрпағымыз ғой. Өткенге оралайықшы. Бәлкім саған ыңғайсыздау сұрақ болар. Украиналық Александр Доскальчукпен болған титулдық жекпе-жектің өткеніне бір жарым жылдай болып қалды. Қаншалықты өкінесің? «Әттегенайың» ішіңде қалған шығар?
- Шынымды айтайын, ол туралы ойламаймын. ММА – біздің жұмысымыз. Спорт болған соң, жеңіс пен жеңіліс егіздер сияқты қатар жүреді. Әр жеңіліске өкініп отыра беретін болсақ, алға баспаймыз ғой. Жеңілістің де пайдасы бар екен. Жақсы сабақ алдым. Қателіктерім туралы ой қорытатын болдым. Аяғымды аңдап басып, бұрынғыдан да сақ қимылдауға көштім.
- Қолың сынғанда қандай күй кештің?
- Қолымнан миыма дейін ток соқты. Ары қарай жалғастыра алмайтыным белгілі болды. Болашақты да ойлау керек. Ертең денемнің бір мүшесіне зақым келсе кәсіби мансабыммен қош айтысуға тура келеді.
- Жеңіс қолда тұрған еді ғой?
- Жоқ, төреші Доскальчуктың қолын көтерді емес пе?! (күлді)Демек ол жеңіске жетті. Тарихта нәтиже қалады. Бір досым «Қалай ойлайсың, сол кезде сен жеңілдің бе?» деп сұрайды. Сонда қалай, Александрды жеңімпаз деп танып тұрса, мені қалай жеңіске жеттім деп ойлаймын? Мен ешқашан өзімді ақтап алғым келмейді. Жеңілгенімді мойындаймын. Сол кездегі сәтсіздігім көптеген адамға ауыр тиді.
- «Арман – сыпайы жігіт. Өте ұяң. Бірақ қарапайым жігітті спортта танымай қаламыз» - бұл жанкүйерлер пікірі. Сонда Арман Әшімов спортта және спорттан тыс кезде екі образды сомдай ма?
- Табиғатымнан мінезім жайдары, көңілді жүремін. Адамға көмектескенді жақсы көремін. Ал октагонда ұстамды болуың керек. Мәселен сіз бір компанияның директорысыз. Үйде, көшеде көңілді жүруіңіз мүмкін, бірақ жұмысқа барғанда мінезіңізді өзгертпесеңіз, қол астыңыздағылар, айналадағылар басынып кетуі мүмкін. Спортта да дәл солай.
- Менің ойымша, ММА, бокста жүрген қазақ жігіттеріне шоу жетіспейтін сияқты. Бұл комплекс пе, әлде ұлттық психологиямыздағы ұяңдық, қарапайымдылық сияқты мінездердің көрінісі ме?
- Қазақ – текті ұлт. Сайқымазақтық қанымызда жоқ. Қара PR дегенге қарсымын өз басым. Мінез, діл, тек, сана – мұның бәрі сіз айтып отырған шоуға қарсы ұғымдар. Менің ойым осы.
- Арман, стандартты сұрақ қояйын. Кімді үлгі тұтасың? Кімге еліктейсің?
- Өмірде ешкімді пір тұтпаймын. Сыйлайтын ағаларым бар, олар – Бахтияр Артаев, Қанат Ислам, Геннадий Головкин деп кете береді. Шетелдік спортшылардың ешқайсысын кумирім деп санаған емеспін. Өйткені олардың жасағанын мен де жасай аламын.
- Лақап атыңды неге «Мұстафа Өзтүрік» деп қойдың, неліктен басқаша емес? Шетелге шыққанда Өзтүріктің кім екенін сұрай ма?
- Мұстафа Өзтүрік - мен үлгі тұтатын, мен еліктейтін зор тұлға. Түркия мен Германияда аса танымал болған. «Қазағым» деп еміреніп, елге келгенде қапияда айырылып қалдық. Тағдыр шығар... Сұрайтын жандарға ол кісінің кім екенін айтып беремін.
- Шаршы алаңға шыққаннан кейін қалай тынығасың, жарақат алғанда ше?
- Көп ұйықтаймын, өте көп (күлді). Тауға шығып тұрамыз. Жарақаттанып қалсам, міндетті түрде дәрігердің алдына барамын. Себебі денсаулықты күтіп, Алланың берген аманатына дұрыс қарау керек.
- М-1 ұйымынан басқа ұйымға ауысу ойда бар ма?
- Оны уақытыда көреміз. ACB ұйымына да шақырған.
- Екі ұйымның қайсысының деңгейі жоғары?
- Деңгейлері бірдей, бірақ АСВ көбірек төлейді.
- Қаншалықты көбірек?
- 3-4 есе көп төлейді. Мен ақшасына қызықпадым. Дүниенің құлы болғым келмейді.
- Отбасыңызға қаншалықты көңіл бөлесіз?
- Шама-шарқым келгенше. Отбасыммен Медеуге, Шымбұлаққа шығып тұрамыз. Киноға барып, қыдырғанды ұнатамыз.
- Арман, қазіргі кезде қазақ қоғамында тоқал алу мәселесі өзекті тақырыптардың біріне айналды. Ұрпақ өрбіту ме, нәпсіқұмарлықтан ба қалай ойлайсыз? Спортшылардың көзқарасы қалай?
- Менің ойымша, өзекті тақырып деген дұрыс емес. Бұл мәселе ежелден келе жатыр. Бабаларымыз да бұдан ексе емес еді. Дінімізде бар. Тек бұған Пайғамбарымыз Мұхаммедтің, оған Алланың сәлемі мен тыныштығы болсын, сүннеті деп қарауымыз керек. Сосын нәпсіқұмарлықтан емес, асыраушысы жоқ әйел адамға қамқор болу, ұрпақ өрбіту сияқты оймен алған дұрыс. Қаншама қыздарымыз шетел асып, өзгенің қолтығына тығылып, қойнында жүр. Сол үшін қазақ жігіттері бірінші әйелімен жақсы мәміледе болып, одан рұқсат сұрап барып, екінші әйел алса құба-құп болар еді.
- Өзің тоқал алу туралы ойлайсың ба?
- Жасырмай айтайын, мен тоқал алуды екі қолымды көтеріп қолдаймын. Келіншегім де қарсы емес. Өзі танысып, сөйлесіп көрсін. Ары қарай әрекеті бізден. Үйленерге дейін солай келіскенбіз. Мен ұрпағымның көп болғанын қалаймын. Балаларымның саны оннан асып жатса да, отбасымды белім қайыспай баға аламын деп ойлаймын. Уақыт көрсетер.
- Алда қандай жоспар бар? Флавио да Сильва Сантосты жеңгеннен кейін титулдық жекпе-жек бар деп қалдың...
- Ұйымдастырушылар солай деген. Мен жекпе-жек таңдамаймын. Атақ үшін басымды тауға да, тасқа да соғатындардың қатарынан емеспін.
- Арман, әңгімеңе көп рақмет!
Сұхбаттасқан Мадияр Арстанбаев