Бокс

Сағадат Рахманқұл: Жыл соңына дейін төрт жекпе-жек өткізгім келеді

Сағадат Рахманқұл: Жыл соңына дейін төрт жекпе-жек өткізгім келеді
news-banner7
mobile-news-top

Болашағынан зор үміт күттіретін қазақстандық боксшы Сағадат Рахманқұл Prosports.kz тілшісіне алдағы жекпе-жегі туралы айтып берді.

— Сағадат, тамыз айында өтетін жекпе-жекке дайындығыңыз қалай?

Жақсы дайындық жүріп жатыр. Бадди Макгирттің жетекшілігімен жаттығып жатырмын. Тағы бір жаттықтырушы бар. Олар алдыңғы бапкерлерге қарағанда өз ісінің мықтылары, мені өзгеше тактикаға үйретіп жатыр. Алдыңғы жекпе-жекке дайындық Оксфорд қаласында өткен болатын. Қазір Лос-Анджелостың Нортридж атты кампусында жаттығып жатырмыз.

— Косме Ривера секілді өте тәжіребиелі боксшымен жұдырықтасқалы жатырсыз. Қиындық тудырады деп ойлайсыз ба?

— Айта кету керек, қарсылас осал емес. Батыр Жүкембаевпен жұдырықтасқан. Өте мықты, тәжіребиесі мол боксшы болғандықтан, әрине, қиынға түсуі мүмкін.

Жүкембаев оны жетінші раундта құлатқан болатын. Сіз қанша уақытта қарсыласыңызды жеңемін деп ойлайсыз?

— Нақты осындай кезеңде жеңемін деп айта алмаймын. Бокста бәрі де болуы мүмкін. Алайда, уақытынан бұрын құлатуға тырысамын.

Бір ай бұрын 36 жекпе-жек өткізген Армандо Валенсуэланы ұтқан кезіңізде қандай сезімде болдыңыз?

— Оны бірінші раундта жеңгеніме қуанышты болдым. Себебі, кездесуді тез аяқтап үлгерсең, жарақат алу мүмкіндігің азаяды.

— Өзіңіз туралы айтып өтсеңіз, боксқа қалай келдіңіз?

— Мен Жамбыл облысы, Жуалы ауданында, яғни, Бауыржан Момышұлының ауылында туып, өскенмін. Қазақстан Біріншілігінде өнер көрсеттім. Әуесқой бокста жетістікке аса жете қоймадым.

— Top Rank-ке қалай тап болдыңыз?

— Таныстарым арқылы әйгілі промоутер Эго Климаспен байланысқа түстім. Ол алдыңғы жекпе-жектерім туралы ақпаратты сұрастырып, мені өзінің қатарына алды. Осылайша, Америкаға аттанып кеттім. Бұл жерде Мадияр Әшкеев, Асхат Уәлиханов, Мейірім Нұрсұлтанов секілді бауырларым күтіп алды. Top Rank бойынша екі жекпе-жек өткіздім. Екеуінде де жеңіске жеттім. Алайда аталмыш промоутерлік компаниямен әлі келісімшартқа отырмадым. Менеджерім Эго Климас келіссөздер жүргізіп жатыр.

— Кімді пір тұтасыз?

— Нақты бір боксшыны үлгі тұтамын деп айта алмаймын. Техникасы, тактикасы әр түрлі боксшылар бар. Әрқайсысы өзінше стильде жұдырықтасады. Солардың ішінде ең жақсысын, өзіме ыңғайлысынан сабақ алуға тырысамын.

— Қазақстандық жас боксшылардың ішінде болашағы зор деп кімді айта аласыз?

— Әуесқой бокс болсын, кәсіпқой бокс шаршы алаңы болсын, қайсар мінезді қазақтың жігіттері өте көп. Саматәлі Төлтаев, Абылайхан Жүсіпов, Әбілхан Аманқұл және Асланбек Шымбергенов секілді боксшыларды айтар едім. Әбілханның жарақат алып, Президент Кубогына қатыса алмауы - өкінішті жағдай.

— Жыл соңына дейін қанша жекпе-жек өткізу ойыңызда бар?

— Қанша жекпе-жек өткізетінім әлі белгісіз, алайда жыл соңына дейін төрт рет алаңға шығу жоспарда бар.

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер