Айдос Ербосынұлы тамыз айында шаршы алаңға шығады
Екінші орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлы (11-0, 8 КО) тамыз айында шаршы алаңға шығады, деп жазады Prosports.kz.
«Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасының мәліметіне сүйенсек, WBO Global, WBC Asia WBA Inter-Continental чемпиондық белбеулерінің иегері Айдос Ербосынұлы келесі жекпе-жегін 14 тамызға жоспарлап отырған көрінеді. Кездесудің өтетін орны мен қарсыласы қазірше белгісіз. Бірақ алдын-ала ақпарат бойынша Канада, Аустрия немесе Ресей астанасы Мәскеу қаласының бірінде өтуі мүмкін.
Айта кетейік, Ербосынұлы 24 наурызда Алматыда өткен соңғы жекпе-жегінде намибиялық Лукас Ндафолумуды (15-1, 6КО) төрешілердің шешімімен жеңген болатын. Осы жеңісінен кейін отандасымыз WBO тұжырымының жаңартылған рейтингісінде 12-орынға көтеріліп, ең үздік 10 боксшының қатарына жақындады.