ММА

Данияр Қасқарауов: Бір күндік жарыстың құны көк тиын

Данияр Қасқарауов: Бір күндік жарыстың құны көк тиын
news-banner7
mobile-news-top

Аралас жекпе-жектен елімізде ең алғаш болып промоутерлік ұйымды құрып, Қайрат Ахметов, Арман Оспанов, Қуат Хамитов секілді спортшылардың жолын ашқан - Данияр Қасқарауов. Дәл қазір «Alash Pride» еліміздегі ең үздік промоушен десек артық айтқанымыз емес. Осы ұйымның президенті Данияр Қасқарауов Prosports.kz сайтына ММА әлемінің құпияларын, белді спортшылармен не себепті қоштасқаны және турнир ұйымдастырудың қиындықтары туралы айтып берді.

«Қаржыны қайдан табамын?»

9 жылдан бері ММА-де жүрмін. Кавказға да бардым, Ресейде де болдым. Мұхит асып Американы да зерттеп қайттым. Көрмеген жерім жоқ. Жер шарын аралап біттім. Қайдан қаржы табамын деп тұрып та ойланамын, жатып та ойланамын. Қалай АСВ көтеріліп кетті, неге Fight Nights жағдайы күрт нашарлап кетті. АСВ-дің турнирінде болдым. Керемет кеш болды. Бірақ зал 70-80 пайызға ғана толды. Билеттің бәрін саттық дейді. Біз сияқты билеттерді тегін тарату жоқ. «Ананың» күшімен, «мынаның» күшімен залға халық жинап, аншлаг болды деп мақтануға шеберміз. Әншілер де сондай ғой. Өз күшіңмен 100 адам жинасаң да, ол сенің еңбегіңнің жемісі. Сол үшін де біз билетті тегін таратпаймыз. Бұрын концерт, спорттық шаралар тегін өткендіктен халық соған үйреніп қалған. Біз енді федерация емеспіз, үкіметтің қаржысын жұмсамаймыз. Кәсіпқой спорттың басты қағидасы - кез келген шара өз қаржысын ақтау қажет.

«Турнир ұйымдастырудың қиындықтары»

Турнир ұйымдастырар алдында қаншалықты аз шығындалуға болатыны туралы ойлаймыз. Осы жолы еліміздің түрлі аймақтарында жарыс өткізуді қолға алдық. Жергілікті әкімдіктерге хат жазып, көмек қолын созуды сұрадық. Кешенді тегін берсе не қонақ үйге жеңілдік жасаса дегендей. Соңғы турнир Тараз қаласында өтті. Кештің басты жекпе-жегінде Жамбылдың тумалары, әлемдік аренада өз орны бар Ермек Тлауов пен Евгений Егембердиевтер жұдырықтасты. Ермектің қарсыласы өте мықты болды. Соңғы жекпе-жектерінің бірі ғой, жеңіл қарсылас алып келуге болатын еді. Жекпе-жекке екі күн қалғанда әлсіреп, басы айналып құлап қалған. Сегізбұрышқа уақытынан бұрын жеңуге тырысқан. Әйтпеген жағдайда ұтылып қалатынын білген. Қарсыласына қылқындыру әдісін қолданып, жеңіске жеткеннен соң жата кетті. Жанкүйерлер қуаныштан деп ойласа керек. Бірақ шынына келгенде басы айналып, құлап кеткен екен. Ермек мұның бәрін жекпе-жектен соң айтып отыр. Неге біз спортшыларымызға тек мықтыларды қарсылас етіп қоямыз деп сұрайды. «Alash Pride» «проходной двор» емес. Әр қазақ менің бауырым. Бірақ қазір жанкүйерлердің де талғамы жоғары. Бәрі жеңіске жетіп кетсе де болмайды.

Жалпы, мұндай кішігірім жарыстар қажет. Өйткені қаншама дарынды жас спортшыларымыз бар. Осындай аймақтық жарыстарда өздерін көрсетіп, кейін жоғары деңгейде жұдырықтасатын болады. Барлық спортшыларымыз мансабын кішкентай турнирлерден бастаған. Осыған дейін Талдықорған, Тараз, Шымкентте турнир өткізіп үлгердік. Түркістанда кішігірім ғана залда жарыс өткіздік. Негізі барлық жерде жекпе-жек кешін ұйымдастыруға болады, бірақ инфрақұрылым жағы ақсаңдап тұр. Сол үшін де «мәдениетті» түсіріп алмайық деймін. Жекпе-жек өткізетін кешен болмаса, теледидар арқылы көрсететін жағдай болмаса қажет емес.

Қанша тәжірибелі болсаң да «әттен-айлар» болып жатады. Қай жерден қателесіп, олқылық кеткенін өзім жақсы білемін. Дегенмен халыққа ұнады, жақсы бағасын берді. Ешқандай жарнама жасамай-ақ зал лық толды.

«Сендер Қазақстанның спортын дамытқыларың келе ме?»

Қарап отырсам, M-1 Global ұйымының тарихы тереңде болғанымен, қазір мықты спортшылары, жекпе-жектері жоқ. Бірақ демеушілердің бәрі сонда. Естуімше, Қазақстан M-1 Global ұйымының төрт жарысына қолдау білдірмек. Олар бір кешіне 300-400 мың доллардан кем сұрамайды. Федерация басшылығына «Сендер Қазақстанның ММА спортын дамытқыларың келсе неге «Alash Pride-қа» қолдау көрсетпейсіңдер» деп сәлемдеме жібергенмін. «Сендерге қарағанда олардың шоуы күш болды» дейді. Бізге 400 мың доллар берсе M-1 Global турнирінен 10 есе мықты шоу жасап берер едім. Бізде қаржыны жас спортшылардың дамуына салғаннан гөрі, шет жақтан спортшы алдырғаны жақсы көреді ғой. Мүмкін мен бірнәрсені түсінбейтін шығармын.

«Бір күндік жарыстың құны көк тиын»

Қазір бірнеше ұйымдардың бірлесіп өткізіп жатқан жарыстары көп. Жағдайын жасап берсең кез келген ұйымды алып келуге болады. Жарты миллион долларым желге ұшты деп басып ұрып отырғандарды да көрдік. Бұл ақша бір күндік жарыс ұйымдастырғанша, спорт кешенін салса қайтеді. Есесіне өмір бойы чемпиондарды дайындайсың. Керегі не, келді де ақшасын алып кетті. Titan FC болсын, Fight Nights болсын - мақсаттары пайда табу. Атыңды баннердің бір жеріне жазып қойып, басты рөлде жүрген секілді көрсетіп қойды. Болды. Мұндай арзан жарнаманың қажеті не? Біз 500 мың долларға жарыс ұйымдастыратын болсақ, тек 100 мыңын өз мойнымызға алуға тырысамыз. Бұл өте керемет келісімшарт. Аз қаржыға бір шетінен халыққа әдемі шоу көрсетеміз, екінші шетінен жас балаларымызға келісімшарт алып береміз.

«Қашанғы өзбек, қырғыз спортшыларын әкелеміз...»

Алматыдағы жарысқа Бразилиядан төрт спортшыны шақырттық. Америка жақтар қарсылас алдыру қашан да қиын. Олардың жолы бар, визасы бар дегендей. Дегенмен пайдасы да жетерлік. Рейтингісі мықты қарсыластарды алып келсең спортшыларымыз халықаралық аренаға танылады, біраз абырой-бедел жинайды. Қашанғы көрші Ресей, Өзбекстан, Қырғызстаннан қарсылас іздейміз. Мүмкіндік болса, тым болмағанда жылына өткізетін жарыстың бір-екеуіне мұхиттың арғы шетінен, Америка, Бразилиядан, Жапониядан спортшыларды шақыртуға тырысамыз.

«Қаржыны өзімізге емес, спортшыларға салыппыз»

Бұрын Америкаға барып менеджер іздегенше, спортшыларымызды сол жаққа дайындалуға жіберген дұрыс деп ойлайтынбыз. Арман мен Қайратқа ақша беріп, АҚШ-та жаттығу жасаттық. Сол жерде өздері-ақ көзге түсіп, келісімшартқа отырады деп ойладық. Дәл солай болды. Олар келісімшарттарын алып, жаңа менеджер тауып кетті. Ал біз өзіміз қалдық. Қаржыны өзімізге емес, спортшыларға салыппыз. Сол арқылы демеуші де болады, менеджер де болады дедік.

«UFC-мен келісім бар, лайықты спортшы жоқ»

Кезінде UFC - аспандағы ай секілді көрінетін. Қазір арасы бір-ақ қадам. Бірақ соның өзінде спортшыларымыз жоқ. Бұрын мықты спортшыларымыз болғанда UFC-ге жете алмайтынбыз, қазір өздері келіп тұрғанда лайықты жауынгерлеріміз жоқ. Қазір UFC-дің үш менеджерімін келісіміміз бар. Тек лайықты спортшымыз болмай тұр. Бірнеше жауынгеріміз UFC-ге өтуге мүмкіндігі бар. Бір-екі жекпе-жегінен соң кезекпен мұхит асырамыз деп жоспарлап отырмыз. Евгений Егембердиевке UFC-ден ұсыныс түскен. Рекорды 9-1. Алдағы жекпе-жегінен соң бәрі шешіледі деген ойдамыз.

«Қайрат Ахметовтің кетуі жайлы»

Қайратқа жауап беруге уақытым жоқ. Оған тіл байлығым да жетпейді. Халық неге кетіп қалды деп түсінбей жатады. Ол жағы бір құдайға ғана аян. Тек айтарым, кеттің бе өзіне ғана ренжімей кете бер. Ақ болды, көк болды, маған өсу керек деп ақталудың қажеті не? Менен неге кетті деп сұрап жатады. Ол өзі кеткен жоқ, мен оны жібердім. Себебі ары қарай бірге жұмыс жасаудың мәні қалмады. Мен беретінімді беріп, жасайтынымды жасадым. Керек десеңіз сиырға дейін сойып, алдына тамақ әкеп берген кездерім болды. Туған ағасы, әкесіндей жандарында жүріп, бала-шағамыздың қызығына қимаған ақшаны солардың жаттығуына, тамағына жұмсадық. Бірақ ешкімге ренжуге болмайды. Акамедик, профессорлар да қателеседі. Пендеміз ғой.

Оның жасы келді. Енді UFC-ке жол жабық. One FC-да жақсы келісімшарты бар. «Аға, кездесіп сөйлесейік» деп айтқан. Мен оны командадан бір жыл бұрын кетіп қалды деп ойлап жүрсем. Соңғы бір жылда мүлдем хабарсыз кетті. Қайда жекпе-жек өткізіп жатыр, кіммен төбелесіп жүр өзі шешіп жүрген. Біздің еш қатысымыз болмады. Енді қолымыздан келгенше қолдауымызды көрсетеміз. Бізде өскен балалар ғой. Оларға жақсы болса бізге жаман болмайды. One FC-дің Гран-Приін жеңіп шықса, тарихта қалады. Осымен мансабын да аяқтайтын шығар. Ең бастысы спорттан кеткеннен соң далада қалып қоймаса жарар еді. Қаншама спортшылар денсаулығынан айырылып, соңында ештеңесіз қалып жатады. Уақыт бәрін орнына реттеп қояды. Тек «әттеген-ай» деген өкініш қана бар.

«Асудың бары да, жоғы да - бірдей»

Асудың бары да, жоғы да - бірдей. Оның атын айтуға да тұрмайды. Сұқбатының оқудың өзі жиіркенішті болды. Асу туралы ештеңе айтқым да келмейді, айтуға да тұрмайды.

«Арман Оспанов пен «Alash Pride» бірге емес»

Арман Оспановты «Alash Pride-тан» кетіп қалды деп айтуға болады. Соңғы уақытта мүлдем байланыста болмадық. Кеттім деп ол айтқан жоқ, кет деп мен айтқан жоқпын. Не істеп жүргенін де білмеймін. Тайгер Муайтай болып жүрді. Мен қарсы емеспін. Мүмкін олар оған тегін зал беріп, жағдайын жасап жатқан шығар. Тек адамда бір ауыз сөз деген, біреудің ала жібін аттамау деген болады. Кешірім сұрағың келсе тіке өзіме келу қажет еді. Ғаламтор арқылы өзін-өзі ақтап, кешірім сұрайдың керегі не.

Бәрін келісімшарт бойынша командада ұстап қалуға болатын еді. Бірақ оның не керегі бар.

«Тастап кетейін десең - аясың, алып жүрейін десең - ауыр»

Қаншама еңбектен соң, қыруар қаржы мен уақытыңды жұмсап, енді жемісін көремін дегенде бәрі кетті жан-жаққа шашырап. Осыдан кейін қолыңды бір сілтеп, кетіп те қалғың келеді. Бірақ тастап кетейін десең - аясың, алып жүрейін десең - ауыр. Алдым - тұман, артым - қараңғы.

Спортшылар да қиналады. Отбасында, денсаулығында проблема болуы мүмкін. Мен оның бәрін біле бермеймін ғой. Бірақ барлық жағынан спортшыларыма қолдау көрсетуге тырысамын. Соңғы бензинге деп қалдырып қойған ақшамды Қайраттарға уақытылы тамақтаныңдар, жаяу жүрмеңдер деп салып жіберетінмін. Айта берсең... Жігіт болғаннан соң қысқа сөйлей білу қажет.

«Қайрат пен Арман өздерін дәлелдеп қойған»

Қазақстанда Қайрат пен Арман сияқты мықты деңгейге шыққан спортшы жоқ. Олар өздерін дәлелдеп қойған. Жастардың ішінен Шавкат Рахмоновты атап өтуге болады. Былтыр «жылдың үздік жауынгері» номинациясында Жалғас Жұмағұловға дауысымды бердім. Шынында, жеңіске деген жігері мықты, еңбекқорлы өз алдына бір бөлек. Соңғы жекпе-жегіне дейін оның жеңістері жәй сәйкестік, сәттілік шығар деп ойлайтынмын. Бірақ соңғы айқасынан соң пікірім толықтай өзгерді. Қазір Қуат Хамитовты жекпе-жегі қызықсыз деп жамандайтындар көп. Бірақ ол да белгілі бір деңгейге жетті. Кезінде «Alash Pride-та» кілең мықтылармен жұдырықтасқан. Атағы жер жарып тұрған Аюпхон Камалов, Зубайра Тухугов, Сергей Голяев секілді бірінен бірі өткен жауынгерлермен жекпе-жек өткізді. Бірақ ол сынбады, керісінше дами түсті. Сосын Арман Әшімовті айтуға болады. Жекпе-жекте «жанбайтын» салқынқанды спортшылардың бірі. Оның үстіне октагонға күліп шығып, көрермендердің көзайымына айналған.

Дегенмен жастардың ішінен міне осы суырылып алға шығады деп айту әлі қиын. Евгений Егембердиев пен Асылжан Бақытжанұлының мансабындағы ең маңызды сәттер енді келді. Алдағы бір-екі жекпе-жегінен соң бәрі белгілі болады. Шахмарал Жетпісов қайтып оралды. Оның да мүмкіндігі жоғары. Кем дегенде АСА чемпиондық белбеуін алатын спортшы. Бақтияр Несіпбектен көп үміт күтемін. Әзірге қаржы болмай тұр. Әйтпесе шетелге шығарып, біраз тәжірибе жинасын деп едім.

«Алматыдағы спорт мерекесі»

Алматыда үлкен деңгейдегі жарыс өтеді күтілуде. «Ахмад» клубынан ағайынды Хусейн Халиевтерді шақырдық. Ағасының жетпеген жетістігі жоқ. АСВ, Ахмад секілді мүмкін болған барлық тұжырымдардың чемпионы. UFC-дің чемпиондық белбеуіне бірден бір үміткер. Қателеспесем, бірде бір жекпе-жегінде жеңіліп көрмеген. Өйткені Еуропаның бірнеше дүркін, әлемнің, Ресейдің чемпионы. Кештің басты жекпе-жегі қазақстандық Артем Резников пен ресейлік Резван Абуев арасында өтеді. 70 пайыз жеңіс шешендік спортшыда болса, 30 пайыз Артемда. Челябі қаласында тұратын шешен жігітінің де жүріп өткен жолы жарқын жеңістерге толы. Қос спортшы «Alash Pride-тың» чемпиондық белбеуін сарапқа салатын болады. Артем Резников біздің ұйымға 8 жасында келген. Қазір рекорды 16-6. Қарсылас таңдамайды. Кімге қарсы қойсаң да, дайындығып жасап, жұдырықтаса кетеді. «Макрегор болса, Хабиб болсын» жекпе-жек өткізуге дайынмын дейді. Сол себепті де 6 жеңілісі бар шығар. Жас кезде тәжірибелі спортшылардан ұтылды.

Георгий Кичигин бразилиялық тәжірибелі Хосе Гомеспен жұдырықтасады. 53 жекпе-жек өткізіп, 38 жеңіске жеткен тәжірибелі қарсылас. Бақтияр Несіпбек те Бразилиядан келген Лопес До Насмиментомен жекпе-жек өткізеді. Сегізбұрышқа оралған Нұрсұлтан Қасымханов бразилиялық Сандерсон Сантоспен қолғап түйістіреді. Болашағынан көп үміт күттіретін жас спортшымыз Ғалымжан Қанаев кеште К-1 ережесі бойынша айқасады. Әдемі жекпе-жектерімен халықтың сүйіктісіне айналған Ғалымжан шын өмірде өте қарапайым, адал жігіт. Қанат Ислам залға келіп, балалардан «Чемпион боласыңдар ма?» деген сұрағана бәрі «иә» деп жауап берген. Сонда Қанат «Маған чемпион емес, ең алдымен адам керек» деген. Дұрыс айтқан. Бізге алдымен чемпион емес, адам керек. Сонда командада алауыздық болмайды.

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер