ҚФФ бас хатшысының бүкпесіз сұқбаты

ҚФФ бас хатшысының бүкпесіз сұқбаты
news-banner7
mobile-news-top

Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин Prosports.kz сайтына бүкпесіз сұқбат берді. Әңгіме барысында ұлттық құраманың жаңа бас бапкері Михал Билек жайлы және отандық футболдағы жемқорлық турасында айтып берді.

– Бұрындары ұлттық құраманың тізгініне алдымен клубта, сосын ғана құраманы жаттықтырған бапкерлер келген еді. Бірнеше жаттықтырушыларды зерттеп, таңдауымыз Билекке түсті. Оның Чехия жастар және ұлттық құрамасындағы ойынын түгел зерттеп шықтық. Бізге ұлттық құраманы сәтті баптаған жаттықтырушы қажет еді. Не дегенмен «клуб» пен «құраманың» бапкері әр түрлі болады. Билек Чехия құрамасының тізгінінде жақсы нәтижеге қол жеткізді. Құраманы Еуропа чемпионатыны ширек финалына дейін шығарып, танымал футболшыларымен жұмыс істеді.

– Келісімшарттың құны қанша?

– Екі тарап келісімшартқа тіс жармау туралы қол қойды. Бұл құпия болып қала берсін.

– Стоиловты даттағандар да, жақтағандар да көп болды. Оның қызметінен кетуін сіз жөн деп шештіңіз бе? Кейбіреулер Саян Хамитжановтың «Ордабасыға» келгеніне байланысты Стоилов та қызметін ауыстырады деп сыбыс шығарған болатын.

– Хамитжановқа еш қатысы жоқ. Стоиловтың алдына Ұлттар лигасының топтық кезеңіне шығу міндеті қойылды. Алайда мақсатқа жете алмады. Сол себепті орнынан кетті. Енді Билекке Еуропа чемпионатының жолдамасын иелену туралы мақсат қойылды.

– Ұлттық құраманың нәтижесі соңғы жылдары көңіл көншітпейді. Шетелден бапкер алдырғанша, өзіміздің мамандарға неге сенім артпаймыз? Байсуфиновтың кезінде ұлттық құрама жап-жақсы нәтижелерге жетіп жүрді. Оған қоса, жергілікті футболшыларға көп мүмкіндік беру қажет шығар?

– Егер футболшы Қазақстанның азаматы болса оны неге ұлттық құрамаға шақыртпасқа? Эричтің командадан кеткеніне көңілім түсті. Ол бұрыннан Қазақстанда тұрады, біздің еліміздің оған бергені де көп. Жанкүйерлер жергілікті футболшылардың құрама сапына шақырту алғанын қалайды. Бірақ шешімді бас бапкер қабылдайды. Билек біздің ойыншыларды толықтай зерттеп шыққаннан кейін Александр Меркельді шақыртуды жөн деп шешті. Біз оған қарсы келмедік. Александр Қазақстан құрамасының атынан ойнағысы келеді. Арадағы келіспеушіліктердің бәрін шештік.

– Демек Меркель Қазақстанның азаматы ғой?

– Иә, Александр Қазақстанның азаматы. Ол клубында ресми қазақстандық ойыншы ретінде тіркелген.

– Жанкүйерлер Михал Билектің бірінші сәтсіздігінен соң құраманың тізгінін қазақстандық маманға сеніп тапсыруды сұрайтын болады...

– Талғат Байсуфиновты қарастырдық. Бірақ таңдауымыз Билекке түсті. Тәжірибелі бапкерлер құрамы жасақталды деп ойлаймын. Әркім өз жұмысын жақсы біледі. Байсуфинов пен Родионов және Словакия құрамасында жұмыс істеген Михал Хипп бас бапкерге көмектесетін болады. Талғат Байсуфинов әлі де тәжірибе жинауға қарсы емесін айтты. Сол себепті оны көмекші ретінде тағайындадық.

– Станимир Стоиловтың ұлттық құрамада алған жалақысы елді шулатты. Бұл туралы ҚФФ ресми мәлімдеме жасағаны дұрыс болар еді.

– БАҚ оның шотындағы ақшаны жазды. Стоилов қанша жылдан бері Қазақстанда істеп келеді. «Астанада» жүрген кезінде жинаған ақшасы болу керек. Бірақ ҚФФ мен Стоилов арасындағы келісімшартта ондай жалақы көрсетілген емес. Бұл туралы жасырмай айта аламын. Ешқандай құпиясы жоқ,

– ҚФФ тарапы тіс жармай отырғанда жанкүйерлер кез келген қауесетті шындыққа балайды. Дәл қазір федерация мен БАҚ арасында байланыс жоқ. ҚФФ-ның бұрынғы басшылары БАҚ-пен тығыз қарым-қатынаста болатын. Қожағапановтың кетуімен, федерацияның баспасөз қызметін еліміздегі ең танымал емес футбол сайтының негізін қалаушы адам басқарғаннан кейін бұл байланыс үзілді.

– Тілегіңізді қабыл алдым. Біз әркеш ашық әңгімеге дайынбыз. БАҚ өкілдерінен сұрайтыным, тек шындықты жазайықшы. ҚР Президенті Кубогының жеңімпазы мен жүлдегерлеріне сыйақы төленбегені туралы жазған болатын. Тек сәл уақытқа кешіктіргеніміз болмаса, барлық сыйақыны толық мөлшерде төледік. Бізге көмектесудің орнына тырнақ астынан кір іздеп отыратын адамдар бар. Оданда келіп, кеңес айтып, білгеніңмен бөліс. Мен білмегенімді үйренуден қашпаймын.

– Елімізде тек футзал құрамасы ғана жетістікке жетіп жүр. Шындығын айтқанда, халықаралық аренада тек осы құрама ғана намысты қолдан бермейді. Федерация тарапынан футзалшыларға қандай көмек көрсетіліп жатыр?

– Бірінші кезекте футзал Қауымдастығы Қазақстан футбол федерациясының қол астына өткеннен соң чемпионатқа қатысушылардың саны артқанын атап өту қажет. ҚФФ әркез футзалды дамытуға күш салған. Ұлттық құрамаға барынша қолдау көрсетіп, жағдайын жасап отырды. Ерлер, әйелдер футболы немесе футзал деп бөліп-жаруға болмайды. Біз үшін бұл құрамалардың бәрі бірдей.

– Бізде ірі турнирлерге бірде-бір мәрте жолдама алмаған футболдан ұлттық құраманың ойыншылары бір жолдастық матч үшін 10 мың мен 30 мың доллар арасында сыйақы алады деген ақпарат бар. Ал Еуропа мен әлем чемпионатында сәтті өнер көрсеткен футзалшыларымыз 2-3 мың доллар ғана алады екен. Бұл рас па?

– Үлкен футболға қатысты ақпарат шындыққа жанаспайды. Футзалда көп болмаса да сыйақы бар. Ұлттық құрамаға шақыртылған әрбір футболшы ақша үшін емес, намыс үшін ойнайтынын естен шығармауымыз қажет. Сәтті ойыннан соң футболшылармен сөйлесіп, қуанышымызды бөлісеміз. Жеңілген кезде оларды жігерлендіруге тырысамын. Олар ешқашан сыйақы туралы сұраған емес. Әрине, қуанышты сәтте сыйақының мөлшерін айтып жіберуіміз мүмкін. Футболшының ғұмыры қысқа емес пе. 20 жасынан әрі кетсе 35-ке дейін жоғары дәрежеде ойнай алады. Бұл тым аз ғой! Осы аз уақыттың ішінде өзіне қажетті ақша табу керек. 30 жастан кеійн көп футболшылар ешкімге қажет болмай қалады.

– Көп қалаларда спортқа деп бөлінген қомақты қаражаттың көп бөлігі футбол командаларына жұмсалады. ҚПЛ клубтарының басым бөлігі ешқандай жетістікке жетпесе де жыл сайын 2,5-3 миллиард теңгені шығындайды. Оның үстіне қаражат инфрақұрылым, балалар академиясы сияқты қажетті істерге емес, басқасына жұмсалуы халықты алаңдатып отыр.

– Легионерлерден бір сәтте арылуымыз қате деп есептеймін. Мәселе басқада: ол қандай легионерлер? Біз жасы 30-дан аспаған шетелдік ойыншыларды ғана тіркеуге рұқсат бердік. Егер бұл жастан асса ФИФА рейтингінде 70 орыннан төмен тұрмаған ұлттық құрамада ойнауы шарт. Бұл мәселені ҚКФЛ ортақ жиналысында бірнеше мәрте көтерген болатынбыз. Бәрі бірауыздан легионерлерден бас тартуға дайын емес екенін көрсетті. Сол себепті легионерлердің санын азайтпай, тек белгілі бір шектеуді қойдық. Қаржының басым бөлігі легионерлерге жұмсалатыны рас. Бірақ бұл мәселені клубтардың басшыларынан бастап облыс әкімдері шешуі қажет.

– ҚФФ тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай да бір шара қолданылып жатыр ма? Қазірдің өзінде Prosports.kz сайты құзырлы органдармен бірлесіп, жұміс істеуде.

– Қазақстан футбол федерациясы төрешілер арасында жемқорлықтың болмауын қадағалап отыр. Өткен жылы екі футбол төрешісін қызметінен шеттеткен болатынбыз. Бұл бағытта жұмыстар жалғасын табады. Тағы қосарым, федерация мен құқық қорғау органдары арасында меморандумға қол қойған. Жемқорлыққа қатысы бар әбір төрешіні анықтап, қылмыстық іс қозғатуға дейін барамыз.

– Ал үкімет қаржысын жымқырып отырған клуб басшылары мен спорттық директорларға қарсы күрес жүргізуге сіздердің құзырларыңыз жетпей ме?

– Қазақстан футболына байланысты мәселенің бәрі федерацияға да қатысты. Бірақ футбол клубтарын тексеруге, олардың жеке ісіне араласуға құзырымыз жеткіліксіз. ҚФФ-ның лицензиялау департаменті клубтардың жұмысшылар алдында қарызын болмауын, салықты уақытылы төлеуін, жалақының кешіктірілмеуін және толық мөлшерде төлеуін қадағалап отырады. Қажет жағдайда жергілікті құқық қорғау органдары және әкімдіктермен байланысқа шығып, бірлесе жұмыс істейміз. Қазақстан футбол федерациясы әрқашан таза және ымырасыз футболды қолдайды.

– Болашақта қазақстандық клубтардың жекеменшік болғанын қалайсыз ба?

– Әрине, клубтардың жекеменшік болғанын қолдаймын.

– Бұған қалай келеміз?

– Бұл үшін үлкен жоба керек. Клубтар облыс бюджетіне тәуелді болмауы қажет. Сол үшін де барынша инвесторлар мен демеушілерді қызықтыру керек.

Сұқбаттасқан: Алимжан ЖАЛЕЛОВ

Аударған: Айбар РЫСДӘУЛЕТ

Фото ҚФФ ресми сайтынан және ашық ресурстардан алынды

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер
не пайда баримир сол калпы. ауыстырганнан ештене озгермид. билек не стоилов не футболшылар агаш болса
Жауап беру