Жалғас Жұмағұлов: Тарихта өз ізімді қалдырғым келеді
ММА спортшысы, аса жеңіл салмақта (56 кг) Fight Nights Global чемпионы қазақстандық Жалғас Жұмағұлов өткен аптада Таиландтағы Tiger Muay Thai залына аттанды. Бұл сапарының алдында спортшы Prosports.kz алдағы жоспарларымен бөлісті.
2018 жылы Жалғас екі кездесуде жеңіске жетіп, тамызда чемпиондық титул иеленген болатын.
- Былтырғы жыл сіз үшін ең жемісті болған секілді, сіз келісесіз бе?
- Мансабымдағы ең сәтті жыл болды деп ойлаймын. Спорттық тұрғыда өстім. Мықты қарсыластармен жекпе-жек өткіздім. Тайсон Нэм және Тагир Уланбековпен кездестім. Жыл басында алға қойған мақсаттарымды орындадым.
- Нэм мен Уланбековке қарсы кездесулер жарқын әрі жойқын болды, бірақ соңғы жекпе-жегіңізде қолыңызды жарақаттап алған едіңіз...
- Соңғы бес айда толықтай айықтым. Қазір жаңа сынақтарға дайынмын. Жігерім асып-тасып жатыр (күліп). Денсаулығым жақсы. Соңғы жекпе-жегімде саусағымды сындырып алғанмын, қазір бәрі тамаша. Жаттығуларға кірістім, қолым кедергі келтірмейді.
- Жеңіл салмаққа (62 кг) көтерілу ойыңызда жоқ па?
- Әзірше білмеймін. UFC-де аса жеңіл салмаққа қатысты нақты шешім болмай тұр. Әзірше үнсіз. Бәрі Диллашоу – Сехудо жекпе-жегінен кейін шешіледі деп ойлаймын. Егер 56 кг салмақты жапса, 62 келіге ауысуға тура келеді. Мен бұл салмаққа ауыса аламын, физикалық қуатым жетеді.
- Титул иеленгеннен кейін Ақтөбе әкімімен кездестіңіз. Қазір ММА-ге қолдау бар ма?
- Бұрын жергілікті әкімшіліктен қолдау болмайтын еді. Көбіне үлкен ағаларымыз көмектесті – бұлар Әнуарбек Мұқашев, Марат Жанғозин, Арман Тұғаев, Ерлан Табылдиев, Алмат Досымов және Данияр Ордабаев.
Ал қазір Ақтөбе облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының жаңа басшысы Мейрамбек Махамбетов қолдау көрсетіп жүр. Себебі ол біздің нәтижелерімізді көрді. Олимпиадашыларға қарсы ештеңем жоқ, бірақ олар біздің қаламызды өрге сүйрей алмай тұр. Оларды Ақтөбеде көбі біле бермейді. Мейрамбек Жанболатұлы бізге жаттығуға зал берді. Бізге көмектескісі келіп жүргені көрінеді. Шаруақор жігіт. Бұған дейін бізге ешкім көңіл бөлмейтін.
- Демеушілік қолдау бойынша да өзгерістер бар ма?
- Әрине. Арман Тұғаев пен Ерлан Табылдиев, мысалы, Таиландтағы Tiger Muay Thai жаттығу лагерінде жиын өткізуім үшін қаражат берді. Ол жақта Қайрат Ахметов пен Дамир Исмағұлов жаттығу жасап жүр.
- Алдағы жоспарларыңыз қандай?
- Жақында менеджер Саят Әбдірахмановпен келісімшартқа отырдым. Жаңалықтар күтіп жүрміз. Егер UFC-ге биыл ауысатын болсам, әрі қарай не боларын көре жатармыз. Мақсатым – тарихымызға өз ізімді қалдырып кету. Саятпен келісімшартқа отыруымның басты себебі – ол қашан да өз сөзінде тұрады. Бұрыннан таныспыз. Мені UFC-ге қоса алатынын айтты, мен бірден келістім.
- Октагоннан тыс қандай мақсаттарыңыз бар?
- Бір ғана мақсатым анама үй салып беру еді. Қазір үйді бітірдім. Енді анамды қажылыққа алып барғым келеді. Өзім де барып қайтуды қалаймын. Төрт балам бар, оларға да көңіл бөлгім келеді. Үлкен ұлым – 8 жаста, «бізге қашан көңіл бөлесің» деп жиі сұрайды. Ал кіші балам ММА-ді жақсы көреді (күліп). ММА спортшыларының, қарсыластарымның өмірбаяндарын жатқа біледі.