«Ордабасы» сапына «Астана» мен «Тобылдың» ойыншылары ауысты
Шымкенттік «Ордабасының» қатарын жаңа үш ойыншы толықтырды. Бұл туралы клубтың баспасөз-қызметі жазды.
«Ордабасыға» Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Дмитрий Непогодов, шабуылшы Алексей Щеткин мен қорғаушы Марат Быстров ауысты. Футболшылармен еңбек келісімі бір жылға жасалған.
Дмитрий Непогодов былтырғы маусымда қостанайлық «Тобылда» ойнап, ел чемпионатының қола жүлдегері атанды. Сондай-ақ, 2018 жылы Қазақстан ұлттық құрамасы сапынла дебютін өткізді.
27 жастағы Щеткин «Астана» сапында ойнап, Премьер-лигадағы 26 матчта 10 гол соқты. Сондай-ақ, ол Қазақстан чемпионатының төрт дүркін чемпионы, УЕФА Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңдерінде ойнаған.
Ал Марат Быстров негізі «Астанаға» тиесілі, бірақ былтыр «Тобылда» жалда ойнады. Қостанайлықтар сапында 17 ойынға қатысып, 1 гол соққан.