Хоккейден жасөспірімдер құрамасы "Төрт ұлт турниріне" дайындықты бастады
Қарашаның 21-25 аралығында Астанадағы «Барыс Арена» кешенінде шайбалы хоккейден 18 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасының оқу-жаттығу жиыны өтті деп жазады Olympic.kz.
2001 жылғы және одан кіші жастардан құралған команда жиыны «Төрт ұлт турнирі» жарысының алдында өткізіліп отыр. Желтоқсанның ортасында Латвияда өтетін турнирге Қазақстаннан бөлек Австрия, Латвия және Белоруссия хоккейшілері қатысады.
«Меніңше, алдағы турнир біздің жас спортшыларға үлкен сабақ болады. Себебі, жасөспірімдер мен жастар хоккейі бүгінде жақсы қарқын алып келеді. Әлем чемпионаты қарсаңында бапкерлер мен спортшылар үшін аса қажет турнир. Спортшылар халықаралық додалардың рухын сезінсе, бізге балалардың деңгейін анықтауға мүмкіндік туады», - дейді жасөспірімдер құрамасының бас бапкері Владимир Завьялов.
Оқу-жаттығу жиынына «Барыс» ойыншыларынан бөлек, «Торпедо», «Құлагер», «Арлан» клубтарынан спортшылар шақырту алды.