Ардақ Назаров: Жақын уақытта UFC-ден қазақ спортшыларын көреміз
Alem Fighters ұйымының президенті Ардақ Назаров жуық арада UFC-де қазақстандық спортшылардың өнер көрсететініне сенімді, деп жазады Prosports.kz сайты.
«Басты мақсат – біздің спортшыларды UFC-ден көру. Жанкүйерлер қазақстандық спортшылардың бұл промоушенге әлі күнге дейін не себепті шыға алмайтынын сұрайды. Біз бұл олқылықтың орнын толтырғымыз келеді. Titan FC промоушенінің арқасында бұл мақсатқа бір қадам болсын жақындай түсеміз. Алматыда өтетін жарысты UFC Fight Pass жүйесінде әлемнің 150 елінде тікелей эфирден көрсетеміз. Айта кету керек, бұл турнирге UFC президенті Дана Уайттың өзі қызығушылық танытты. Жақын уақытта UFC Қазақстанның бірнеше спортшысымен келісімшартқа отыратынына сенімдімін. Қазірдің өзінде біздің спортшыларды шетелде құрметтейді.
Titan FC UFC ұйымымен тығыз қарым-қатынаста. Жақында ғана бес жылдық келісімшартқа отырды. Бұл промоушеннің АҚШ-та беделі өте жоғары. Соңғы бірнеше жылда UFC Titan FC-дің көп спортшыларымен келісішарт жасасқан», - деді Ардақ Назаров.
Айта кетейік, 21 желтоқсан күні Алматы қаласында Titan FC-дің 51-ші турнирі өтеді. Кештің басты жекпе-жегінде Бейбіт Назаров Мартин Браунға (12-5) қарсы жұдырықтасады. Олар жеңіл салмақта уақытша чемпиондық белбеуін сарапқа салады.