«Торпедо» тоғызыншы орынға сырғыды
Жоғары хоккей лигасы тұрақты чемпионатының сегізінші турында қонақта Пензаның «Дизель» командасымен шеберлік байқасқан өскемендік «Торпедо» 3:4 есебімен жеңіліс тауып, турнирлік кестеде тоғызыншы орынға бірақ сырғыды. Бұл туралы Алтайньюс жазды.
Мисхат Фахрутдиновтың командасы үшін бұл ойын аса сәтсіз басталды. Матчтың бесінші минутында жерлестеріміз 0:2 есебімен жеңіліп жатты. Соған қарамастан, өскемендік хоккейшілер бірінші кезең аяқталмай жатып таразы басын теңестіріп үлгерді. Нәтижелі соққылар Максим Капитуров пен Роман Бердниковтың еншісінде.
Екінші кезеңде айдын иелері тағы бір шайба соғып, есепте алға шыққан еді, торпедолықтар бұл жолы да қарсыласын алысқа ұзатпады. Үшінші кезеңнің басында команда капитаны Александр Шиннің қанжығасы майланды. Дегенмен, бұл күні сәттілік пензалықтарға көбірек жолдас болды. Ойынның аяқталуына шамамен 15 минут қалғанда «Торпедо» қақпасына төртінші шайба соққан «Дизель» ойыншылары жеңісті есепті матч соңына дейін ұстап тұра алды. 4:3.
Келесі кездесуін жерлестеріміз ертең Қазан қаласында жергілікті «Барсқа» қарсы өткізбек.